Домой Басты жаңалықтар ДАНА ТҰЛҒА — ДІНМҰХАММЕД ҚОНАЕВ

ДАНА ТҰЛҒА — ДІНМҰХАММЕД ҚОНАЕВ

Халықтың алғысы мен шексіз сүйіспеншілігіне бөленген Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туғанына 110 жыл толып отыр. Ол – аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы.

    Алматы қаласында дүниеге келген. Қонаев ширек ғасырға жуық Қазақстанның бірінші басшысы қызметін атқарды. Ол жауапты басшылық қызметте жүріп, республикадағы тау-кен ісін дамытуға қомақты үлес қосты. Билік басында болған уақыт қаншалықты күрделі, қарама-қайшылыққа толы болғанымен, елдің экономикасын, әлеуметтік жағдайын, ғылыми сфераларын, ұлттық мәдениетін дамыту ісіне айтулы еңбек сіңірді. Түрлі деңгейдегі партия және кеңес қызметін атқара жүріп, Орталықтың өктем саясатының ығымен кете бермей, ел мүддесін, болашақ қамын да бір сәт естен шығарған жоқ.

     Дінмұхаммед Ахметұлы ел басқарған жылдары кең байтақ қазақ жерінде 68 жұмысшылар кенті мен 43 қала пайда болды. Оның ішінде, өнеркәсіп орталығы болып саналған Рудный, Екібастұз, Шевченко (қазіргі Ақтау), Никольский, Степногорск, Теміртау, Жаңатас, Кентау, Арқалық қалалары салынды. Ауыл шаруашылығы қарқынды дамып, тың және тыңайған жерлер игерілді. Кеңшарлар мен ұжымшарлар салынды. Мал саны көбейіп, ауыл шаруашылығының өнімдері жыл сайын артып отырды. Дінмұхаммед Ахметұлы арқасында Қазақстанның өнеркәсіп, оның ішінде түрлі-түсті металлургия саласы жоғары деңгейде дамыды. Бүкілодақтық көлем бойынша мыстың үштен бір бөлігі, қорғасынның 70%-ынан астамы, мырыштың 40%-ынан астамы қазақ жерінде өндірілді. Өскемен қорғасын-цинк және титан-магний комбинаттары, Соколов-Сарыбай мен Лисаков кен-байыту комбинаттары, Жезқазған мен Балқаш таукен-металлургия комбинаттары, Ермаков пен Ақтөбе ферроқорытпа зауыттары іске қосылып, Ақтөбе қаласындағы шығарылған хром кенінің көлемі артты. Кемеңгер тұлға металл өңдеу және көлік жасау салаларында өндіріс тиімділігін арттырып, Өскемен, Орал, Қарағанды, Петропавл, Шымкент, Алматы қалаларында көлік жасау зауыттары құрылды. Алматы ауыр машина жасау зауыты шығарған өнім әлемнің 40-тан астам мемлекетіне таралды. Қазақ жерінің аумағында көмір мен мұнай кен орындары ашылып, Қазақстан отын-энергетика өнеркәсібінің ірі орталығына айналды. Жамбыл мен Шымкент қалаларында орналасқан комбинаттар сары фосфор өндіру бойынша әлемде бірінші орында болды. Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев ғылым саласында орасан зор қызмет етті. 100-ден аса ғылыми еңбектер мен зерттеулер жазды. Біраз ғылыми жұмыстарын шаруашылық пен өндірістік тәжірибеден өткізді. Өз еңбектерінің халық шаруашылығына тигізер пайдасының зор екендігін іс жүзінде дәлелдеген еді. Өндіріс тиімділігін арттырумен қатар, ол жас ғалымдарды қолдап, білім жүйесіне ерекше көңіл бөлді. Қазақ өнерін жоғары бағалаған Дінмұхаммед Ахметұлы өнерде жүрген жандарды жан-жақты қолдап, қазақ мәдениетінің дамуына ықпал етті. Өнер ордалары салынып, мәдениет үйлері өз қызметін бастады. Қазақ жерінің барлық аймақтарында дерлік білім және мәдени ошақтар ашылып, тұрғын үйлер тұрғызылып, әлеуметтік нысандар салынды. Дінмұхаммед Ахметұлы ғылым саласына қолдау көрсетіп қана қоймай, сол ғылымның дамуына өзіндік үлесін де қоса білді. Кен орнын қазудың тиімді әдіс-тәсілдерін ойлап тауып, Қазақстан экономикасының, металлургиясының дамуына айтарлықтай үлесін қоса білді.

Айгүл Исабекова

 Ұлы Дала Елі орталығына қарасты

Нәзір Төреқұлов музейінің аға ғылыми қызметкері