Домой Басты жаңалықтар ТҮРКІСТАН: «РОМЕО МЕН ДЖУЛЬЕТТА» СПЕКТАКЛІНІҢ ПРЕМЬЕРАСЫ ӨТТІ

ТҮРКІСТАН: «РОМЕО МЕН ДЖУЛЬЕТТА» СПЕКТАКЛІНІҢ ПРЕМЬЕРАСЫ ӨТТІ

Түркістан музыкалық драма театрының сахнасында «Ромео мен Джульетта» спектаклінің премьерасы өтті. Өлмейтін махаббат тақырыбын арқау еткен Уильям Шекспирдің әйгілі туындысы Түркістанда алғаш рет сахналанып отыр.

Әлемдік классиканы облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, театр сыншылары мен зиялы қауымдар тамашалады. Көрермендер алдымен қос ғашыққа арналған «Махаббат» инсталляциясына арман-тілегін қалдырып жатты. Музыкалық аспаптардың сүйемелдеуімен орындалған әсем әуен көптің қызығушылығын тудырды.

Спектакльде басты кейіпкерлер махаббатты бәрінен биік қойып, өздерін сол жолда құрбан етеді. Автор қос ғашықтың сезімін қорғауда көрсеткен жанкештілігінің ежелден ерген дұшпандықты да, қоғамдағы шектеулерді де жеңе алатынын көрсетеді. Сондай-ақ заманауи сценография қолданылған. Оған қоса хореографиялық композициялармен көркемдеу, жаңа әуен, танымал таланттар мен жас театрдың беделді әртістерінің ерекше ойыны, бәрі-бәрі «жаңа театр» стилінде.

Аталмыш туындыны аударған Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев. Қойылым режиссері – бірнеше халықаралық және республикалық театр фестивалінің лауреаты, 30-дан астам спектакль режиссері Дина Жұмабаева. Репертуарға қосылған классикалық шығарма Түркістан музыкалық драма театр сахнасында готика стилінде көрсетілді.

– Мен «Ромео мен Джульетта» спектаклін еліміздің әртүрлі театрында 4 рет сахналадым. Ол спектакльдер бір-біріне ұқсамайды, бірақ олардың тақырыбы бір – өлмейтін махаббат тақырыбы. Түркістан музыкалық драма театры сахнасындағы Ромео мен Джульеттаның өз ерекшелігі бар. Сахнада декорация жоқтың қасы, минимализм, бірақ біз одан ұтылмаймыз. Қайта кейіпкер пен көрермен арасындағы байланысты берік етуге ықпалын тигізеді. Спектакльдің басындағы балғын 14 жасар Джульеттаның образы көрерменнің көз алдында есейген, өмірден соққы жеген жанға айналады, – дейді режиссер.

Қойылымның ерекшелігі алып өнерге қадам басқанына енді ғана үш жыл болған театрдың жас актерлары басты рөлдерді сомдауында. Бұдан бөлек елімізге белгілі театр әртістері де өнер көрсетті. Қоюшы суретшісі – Айнұр Есболатова, композиторы – Нұрсұлтан Төреәли, хореграфы – Мадина Мұратпекова, гримм бойынша суретші – Адэль Нұрқасымова, көркемдік жетекшісі – Шынар Омарова.