Домой Спорт ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК БАЛУАНДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК БАЛУАНДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

Облыс атынан елдің намысын қорғап жүрген жастардың төккен маңдай терін бағалап, жыл бойы жеткен жетістіктері бойынша марапаттау үшін спортшылар мен жаттықтырушыларының, спорт жанашырлары мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен Түркістан облысы «Qazaq kuresi» федерациясының ұйымдастыруымен және өңірлік кәсіпкерлердің қолдауымен жылды қорытындылау кеші өтті.Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы жылды сәтті қорытындылап, жыл үздіктерін марапаттаудағы мақсат өңірдің абыройы үшін спортты серік етіп жүрген спортшыларға алғыс айтып, сый-құрмет көрсету. Үздіктер бас қосқан жиынға Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Айдос Қалтаев, бокстан ҚР ұлттық құраманың жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов, облыстық «Qazaq kuresi» федерациясының президенті Қайрат Пазылбек, облыстық «Qazaq kuresi» федерациясының вице-президенті Әсет Жұмашов, облыстық олимпиадалық емес және ұлттық спорт түрлерінен жоғары спорт шеберлігі мектебінің директоры Самат Рысбеков қатысты.Спортшыларға арналған салтанатты жиында алдымен өңір спортының дамуына үлкен үлес қосып жүрген ардагер спортшылар мен бірқатар бапкерлердің, жаттықтырушылардың еңбегі еленді. Алғаш рет өтіп жатқан ауқымды шараның ерекшелігі жиынға қатысушы спорт саласының өкілдері «Үздік спортшы», «Үздік жаттықтырушы», «Үздік төреші», «Үздік жас спортшы» сынды арнайы аталымдармен марапатталды.Жиын барысында 2023 жылы балуандардың жеткен жетістіктері мен командалық нәтижелеріне шолу жасалды. Атап айтар болсақ, Астана қаласында төрт жылда бір болатын ұлттық спорт түрлерінен өткен сайыста Түркістан облысының балуандары 2 алтын, 3 күміс, 5 қолаға қол жеткізіп командалық есеп бойынша І орынды иеленді. Ересектер арасында Ақтау қаласында өткен ҚР чемпионатында 2 алтын, 3 күміс, 6 қоланы қоржынға салды. Сондай-ақ, 23 жасқа дейінгі ҚР чемпионатында 4 алтын, 4 күміс, 5 қоланы иеленген облыс спортшылары командалық есеп бойынша І орын алды. Республикалық «Жас барыс» турнирінде 2 жыл қатарынан өңір жастары 3 алтын, 4 қоламен І орын иеленді. Жасөспірімдер арасында өткен ҚР чемпионатында 3 алтын, 2 күміс, 3 қоланы қанжығасына байлаған облыс спортшылары командалық есепте ІІ орынға жайғасты.Ауыз толтырып айтар айшықты жаңалықтың бірі қалада өткен қазақ даласының батыры, күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасовты еске алуға арналған қазақ күресінен ересектер арасындағы «Азия Кубогы» болатын. Күрес додасын Түркістан облысы әкімдігі мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, облыстық олимпиадалық емес және ұлттық спорт түрлерінен жоғары спорт шеберлігі мектебі ұйымдастырды. Халықаралық дүбірлі додаға Қазақстанның өзге өңірлерінен келген спортшылармен қатар, Моңғолия, Қытай, Үндістан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдерінің командалары қатысты. Жарыстың алғашқы күнінде қазақ күресі шеберлері 5 салмақ дәрежесінде белдессе, екінші күні 3 салмақ дәрежесімен қатар «Түйе балуан» бәсекесінің де жеңімпазы анықталды. Жалпы 8 салмақ дәрежесінде ең талантты деген 150 балуан күресті. Аса тартысты өткен «Түйе балуандар» сайысында Қазақстанның намысын қорғаған Түркістан облысының дарынды спортшысы Қайсар Шамшидиновке тең келер балуан болмағанын естеріңізге сала кетейік.Қорыта айтқанда, кіл үздіктер жиналған ауқымды жиынға есімін ел білетін бірқатар жас балуандар қатысты. Аталмыш басқосу Түркістан облысы «Qazaq kuresi» федерациясының президенті Қайрат Пазылбек пен федерацияның вице-президенті Әсет Жұмашов сынды ел ағаларының ұйытқы болуымен өтті. Салтанатты шараның соңы өңір спортшыларының келер жылға жоспарлар құрып, спорт ардагерлерінің жастарға өнегелі әңгімесін айтып, өмірлік тәжірбиелерін бөлісуімен аяқталды.

Азамат ӘЛІБЕК.