Домой Дін Түркістан: Құрбан айт мерекесі қалай өтеді?

Түркістан: Құрбан айт мерекесі қалай өтеді?

ҚМДБ-ң ғұламалар кеңесінің шешімімен 20-шілдеде Құрбан айт мерекесі басталады. Түркістан облысы аумағында Құрбан айт намазы таңғы сағат 7-де оқылады. Карантин режиміне байланысты жамағат мешітке бетпердемен келуі шарт. Бұл туралы облыстың бас имамы Еркебұлан Қарақұлов брифингте мәлімдеді.
Үш күн атап өтілетін мұсылмандардың ұлық мерекесінде құрбандық шалу шамасы жеткен мұсылманға — уәжіп амал. Биыл да онлайн және оффлайн құрбан шалу ұсынылып отыр. Ол үшін www.qurban2021.kz сайты іске қосылып, онлайн тапсырыс беру басталған.
«Барлық мешіттерде карантин талаптары сақталады. Онлайн тапсырыспен алынған құрбандық малы арнайы қасапханаларда сойылып, еті мұқтаж отбасыларға таратылады. Құрбандыққа жылқыдан басқа төрт түліктің барлығы жарайды. Тек қой мен ешкі — 1 жасар, сиыр — 2 жасар, түйе — 5 жасар болуы тиіс. Ауру-сырқау, арық, ен салынған мал құрбандыққа жарамайды. Малды айт күндері құрбандыққа шалып үлгермесеңіз, айттан кейін сойып етін түгел тарату ләзім. Егер айт күндерінен кешіктірілсе жай садақа болып саналады. Айт күндері құрбандықтың орнына садақа беруге болмайды»-деді Еркебұлан Ыбрайымұлы.
Облыстың Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес, таңғы айт намазы мешіттерде ашық ауада 4 метр арақашықтықты сақтай отырып оқылады. Сондай-ақ, жекеменшік үй иеліктерінде және медреселерде адамдар көп жиналатын ic-шаралар өткізуге, тыйым салынған орындарда мал союға, автокөліктерде және жеке үй иеліктерінде мал сатуға рұқсат етілмейді.