Home Мәдениет ТҮРКІСТАНДА Ө. ЖӘНІБЕКОВ ЖАЙЛЫ ТЫҢ ДЕРЕКТЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

ТҮРКІСТАНДА Ө. ЖӘНІБЕКОВ ЖАЙЛЫ ТЫҢ ДЕРЕКТЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістанда «Өзбекәлі Жәнібеков оқулары: Ұлт рухын ұлықтаған Өзбекәлі Жәнібеков» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік онлайн конференция өтті.

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі» РМҚК және Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті ұйымдастырған шарада Өзбекәлі Жәнібековтің өмірі мен мұрасы жайлы тың деректер талқыланды.

-Өзбекәлі Жәнібековтің ел үшін атқарған еңбегі өлшеусіз. Саналы ғұмырын қазақтың руханиятын түгендеумен өткізген қоғам қайраткері Ахмет Ясауи кесенесі негізінде құрылған «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің тарихында да Өзбекәлі Жәнібековтің атқарған еңбегі орасан. Өзбекәлі Жәнібеков қазақ халқының ұлттық мәдениетінің, ана тілінің, дәстүрі мен әдет-ғұрпының жаңарып, дамуына елеулі үлес қосты. XX ғасырдың 70-жылдарының өзінде-ақ Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қалпына келтірілуіне ұйытқы болды. Жәнібековтің бастамасымен Қазақстанның көптеген қалаларында этнографиялық мұражайлар ашылды, Қазақстанның тарихи және мәдени ескерткіштерін сақтау мен қалпына келтіру мақсатын көздеген «Арқас» қоғамы құрылды. Жәнібеков «Шертер», «Адырна», «Алтынай», тағы да басқа фольклорлық өнер ансамбльдерін ұйымдастырды. «Наурыз» мейрамының, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Ш.Құдайбердиев есімдерінің халқына қайта оралуына белсене ат салысты.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары аясында, мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің 90 жылдығына орай ұйымдастырылған конференцияға елімізге белгілі ғалымдар мен тарихшылар,  өзбекәлітанушылар қатысуда. Басқосу барысында қоғам қайраткерінің мәдениет, руханият саласына сіңірген ұшан-теңіз еңбегі мен толағай істері жөнінде баяндамалар оқылып, мәліметтер берді. Алдағы уақытта ғалымдардың конференция аясында жазған мақалалары арнайы кітап етіп шығарылады,-деді «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов.

Мемлекет қайраткері, этнограф, тарих ғылымдарының кандидаты, “Қазақтың ұлттық қол өнері”, “Жаңғырық”, “Уақыт керуені”, “Жолайрықта”, “Қазақ киімі”, “Ежелгі Отырар”, “Тағдыр тағылымы” еңбектерінің авторы Өзбекәлі Жәнібековтің қоғамға сіңірген еңбегін жаңғыртуға арналған конференцияға т.ғ.д., профессор Жамбыл Артықбаев, ф.ғ.д., баспагер Ғарифолла Әнес, т.ғ.к. Баян Адырбек, ҚР Білім беру ісінің үздігі Айғаным Серім, т.ғ.д., профессор Тұрсын Хазретәлі, жазушы Нұрмахан Назаров, ф.ғ.д., профессор Құлбек Ергөбек, ф.ғ.д., профессор Сейдолла Садықов,
т.ғ.к., доцент Зікірия Жандарбек,  өзбекәлітанушы  Берік Байболов сынды ғалымдар мен тарихшылар, Өзбекәлі Жәнібеков мұраларын зерттеушілер баяндама оқып, пікір алмасты.

Айта кетсек, Кеңес үкіметінің қылышынан қаны тамып тұрған шақта кесенеде жерленген хандар мен сұлтандар, билер және батырлардың құлпытастарын музей экспозициясына қойды. Жерленген тұлғалар туралы әңгімелер ол өз алдына бір бөлек дүние болатын. Өзаға өзінің батылдығының арқасында аз уақыттың ішінде музей экспозициясын жасап шықты. Сондай-ақ, атеистік қоғамда ең алдымен елімізде әулие бабамыз — Қожа Ахмет Ясауидің мұрасы мен іліміне бетбұрысты бастаған да осы Өзбекәлі Жәнібеков болатын. Көне «Диуани хикметтердің» нұсқаларын музей қорына жинақтай бастады және сақталған құлпытастарды оқуды да қолға алды.

ХІV ғасырдың басты құндылығы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің опырылып құлау қаупі төнген бөліктері – Бас портал мен мешіт бөлмесі мығымдалды. Қабірхананың еденін бастапқы деңгейінде қалпына келтіріп, Қожа Ахмет Ясауидің еңкейіп, құлауға айналған құлпытасын түзетуге мүмкіндік берді. Кең ауқымды жұмыстарының нәтижесінде кесене-мешіттің негізгі сегіз залында, сол сияқты ХV-ХVІ ғасырларда тұрғызылып, 1975 жылға дейін жұмыс істеген Шығыс моншасында, ХІХ ғасыр Жұма мешітінің экспозициясының негізін жасап, нәтижесінде жылына 450-500 мыңға жуық келушілер тамашалайтын деңгейге жеткізді.