Home Басты жаңалықтар ҚУАНЫШ ЖАЗАЙ. ӨЗІҢДІ БҰЛАЙ СҮЮ БИІК НЕТКЕН!..

ҚУАНЫШ ЖАЗАЙ. ӨЗІҢДІ БҰЛАЙ СҮЮ БИІК НЕТКЕН!..

Қуаныш Жазай – 1994 жылы 5 сәуірде Алматы облысы Райымбек ауданы Талас ауылында дүниеге келген. Халықаралық, республикалық жыр мүшайраларының жеңімпазы. «Толқынға қарсы» кітабының авторы.

Ақынды туған күнімен құттықтай отырып, бір топ өлеңдерін назарларыңызға ұсынамыз!

* * *

– «Ақсерек, Көксерек, 

Бізден сізге кім керек?»

– Қуаныш керек!

Қыр астынан жетеді дауыс кенет. 

– Мұндамыз! – деп және бір қол бұлғайды, 

Бір қауым ел түр-түсі таныс-бөлек.

Анау – көкем. Таныдым.

Анау – атам,

Әжем анау – мейірімге толы алақан. 

Екі өкпемді қолға алып солай қарай, 

Солай қарай асығып бара жатам. 

Мазасыз ой жанымды жегідей жеп:

«Бұл – өлгендер…

Өлгендер елі ғой» – деп.

– Барма! – дейді,

– Қайт! – дейді артымда анам,

Тасқа аяғы шалынған еңірей кеп. 

Аспан да сұр, 

Қалды артта далам да сұр, 

Алда кілем жаюлы маған жасыл. 

Өлгендерді қимаймын – қайтам десем, 

Қалам десем – қимаймын анамды асыл. 

Екі дүние тұр ашып тең есігін, 

Құшады анам тілазар емес ұлын.

Өлгендермен «Ақсерек» ойнап жүрміз,

…Келесі кім?

* * *

Туған жер!

Сен дегенде дара шауып,

Көргем жоқ алды-артыма қара салып.

Бір тентек қиядан тас домалатса,

Биігің қала ма деп аласарып,

Шарқ ұрам кеткендей-ақ құдай безіп,

Дұғамды күбірлеймін түн, ай кезіп.

Әлгі тас жанарыңнан домалай кеп,

Менің дәл жүрегіме құлайды езіп.

Шап-шағын болмысыма сыйып кеткен,

Өзіңді бұлай сүю биік неткен!

Өзіңді бұлай сүю биік неткен!

Тұрмын мен теңестіріп иық көкпен!

Жол жүрсем, қимастықпен бара жатып,

Қараймын отты көзді саған атып.

Білмеймін, сені аңсасам, тас па, жас па,

Отырам әлденені домалатып…

ҚОШТАСУ

Тоқта!

Бөліп алайық:

Алматының жарты бұлты – сенікі,

Алматының жарты бұлты – менікі.

Біздің жаққа бұлт аумайды деуші едің,

Ала жаздай бір тамбайды деуші едің.

Кетіп бара жатырсың ғой ақыры,

Ал, ала кет… құзырыңда ол сенің.

Жадырасын аспан да сұр, 

Жер де сұр,

Бар, нөсерлет,

Гүл біткенді шөлге өсір.

Екеуміздің қайғымызды той қылып,

Екі жақта ел қуансын көл-көсір.

Көш, көше бер, керуеніңді тоқтатпа,

Мұнда – шуақ,

Онда – нөсер жоқтатпа…

…Менің бұлтым желді күні – 

Жел жаққа,

Күн көзіне төселеді – аптапта.

Менің бұлтым – 

Қалса ашылып етегі,

Аруларды киіндіріп өтеді.

Анда-санда сағынғанда өзіңді,

Алматыны жылатуға жетеді.

«…ТҮН. ЕСІК ҚАҒЫЛДЫ…»

…Түн.

Есік қағылды.

Есік қағылды.

– Кім?

Шынашақтай бала едім.

Ес білемін.

Атам сол түн құбылтып кескін, өңін.

«Келді…» деді есіктен көзін алмай,

«Келсе, қане?

Мен неге естімедім?»

Есікті ашпақ боламын.

– Тоқта, ботам…

Қолымды ұзақ аялап отты алақан.

Кетуімді өтінді ыммен ғана,

Құбылаға бет бұрып жатқан атам.

Мендей қырсық болар ма бала атаулы,

Бірге атырдық ұйқысыз ала таңды.

Көз ілуге қорқамын,

Қалғып кетсем,

Біреу алып кетердей жан атамды.

Содан кейін мен оны «күзетпедім»…

Содан кейін мен оны «күзетпедім»…

– Атаң өлді! – дегенді білем, және

Білем алғаш жүрегім тыз еткенін.

Еріксізден мөп-мөлдір тамды да ақық,

Қала бердім көзімді жаудыратып.

…Біреу түнде ұрланып келіп менің

Есігімді қағып жүр соңғы уақыт.

…Түн.

Есік қағылды.

Есік қағылды.

– Кім?

* * *

Ұшамын десең, қазір ұш, тотым,

Райыңнан ерте қайт, көкем.

Саған кеп мендей дәруішке кім,

Тағдырлас бол деп айтты екен?

Үздігіп менен, сормаңдай құсым,

Күтесің бекер таудай бақ.

Сенің жаныңның арман-қайғысын,

Түсіне алам ба мен бейбақ?

Сайрай бер, тотым, армансыз күн-түн,

Әніңді еркін айт әсем,

Торыма түсіп аңдаусыз бір күн,

Сорлап қалмашы байқа сен.

Ішқұса болып, құлдығым, онда,

Көзіңе тұнар уайым – көл.

Алтын тор емес, тым құрығанда,

Біздікі қарабайыр тор…

Назды әніңді айтып жүректі аймалар,

Сайрай алмайсың мұнда еркін.

Айналаң тастай түнекке айналар,

Ал, кімге керек бұл дертің?..

Ұшамын десең, қазір ұш, тотым,

Бағың ашылсын… не дейін?

Ал, мен осынау дәруіш, жетім

Күйімде қала берейін…

* * *

Сен келмейсің,

Сен келмейсің,

Жоқ өкініш, жоқ азап. 

Мұңаюға жол бермейсің,

Қоштасарда, о, ғажап!

Билемейді жаңбыр сел боп,

Екеумізге малынып.

Атпайды енді таң бүрсеңдеп,

Күртешемді жамылып.

Қыдыртпайды екеумізді,

Күзгі Алматы көшесі.

Мен қарсы алам бөтен күзді,

Жазға кеткен есесі.

Сен келмейсің,

Сен келмейсің,

Маған, тіпті, өлеңге.

Енді өзің де сенгендейсің,

Бәрі бітті дегенге.

Жол күтпеймін елеңдеп мен,

Күтпес бізді, сірә, жол?

Сен келмейсің. 

Келер көктем –

Менікі емес бірақ ол…

ӘКЕ

Жіберетұғын күнде жүз қате, 

Бала едік онда жас, бұла. 

Бұзықтық етсек бірде, бізді, әке, 

Алушы ең таяқ астына. 

Даланы шарлап досымыз – Күнмен, 

Өспедік қаңғып, доп қуып. 

Есейіп ерте есіміз кірген, 

«Көк ала қойдай» боп жүріп. 

Өзіңді қатал ғанасың дедік, 

Ол шындық еді біз ұққан. 

Таяқ жемейтін баласын көріп, 

Талай әкеге қызыққам. 

Бекер-ақ саған өкпе артқам сонда, 

Оны да кешір, кеш білгем. 

Таяқтан азап көп тартқан соң ба, 

Саналы болып өстім мен. 

Бұл күнде мығым өлеңім, ісім, 

Өйтпесең мұндай болмас ем. 

Өмірден таяқ жемеуім үшін, 

Таяқтапсың ғой сонда сен… 

…Байқайсың ба, әке, шетінен кекті, 

Ойлары қулық, тек нала, 

Бұзықтық жасап бетімен кетті, 

Таяқ жемеген көп бала. 

 Түземейді олар қатесін неғып, 

(Кеміген бе, әлде, ой-айбын?!) 

Таяқтамаған әкесін көріп, 

Баласын қатты аяймын, 

Әке…