Home Қоғам ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ЖӨНІНДЕГІ КОМИССИЯНЫҢ КЕЗЕКТЕН ТЫС ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ЖӨНІНДЕГІ КОМИССИЯНЫҢ КЕЗЕКТЕН ТЫС ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Арыс қаласының әкімдігінде төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі комиссияның кезектен тыс отырысы өтті. Басқосуға мәслихат хатшысы А.Байтанаев пен Арыс қаласында орналасқан әскери гарнизон командирлері арнайы шақырылып, прокуратура, төтенше жағдайлар мен полиция бөлімі, ұлттық қауіпсіздік комитетінің, темір жол саласының мамандары мен жетекшілері және қала әкімдігі аппаратының қызметкерлері қатысты. Қала әкімі Гүлжан Құрманбекова жетекшілік еткен жиынның күн тәртібінде Байзақ ауданындағы әскери қойма жарылысы сияқты төтенше жағдай кезіндегі азаматтық қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету тетіктері талқыланды.

Атап айтқанда, тілсіз жау мен су тасқыны, зілзала сынды табиғат апаты кезінде ведомствоаралық өзара әріптестіктің жай-күйі де сөз болды.

“Біз айтып келмейтін апаттың кез-келген түріне әркез дайын болуымыз керек. Сол мақсаттағы байланысымызды нығайтып, атқаратын міндет-мақсатымызды пысықтап алу үшін бүгін арнайы бас қосып отырмыз. Әсіресе, әскери бағыттағы іс-шаралар туралы ескерту, хабарландыру жұмыстарына мұқият көңіл бөліну керек”, – деді Г.Құрманбекова.

Отырыс қорытындысы бойынша салалық ведомство өкілдерінің ұсыныс, пікірлері тыңдалып, тиісті шешім қабылдау үшін хаттамалық тапсырмаға енгізілді.

Яғни, Арыс қаласында орналасқан Қарулы Күштердің әскери қоймалары мен арсеналдардың қала тұрғындарының денсаулығы, құқығы мен заңды мүдделеріне әсері және оқ-дәрі қоймаларынан төнетін қауіп; оқ-дәрілер мен снарядтарды жою, залалсыздандыру немесе кәдеге жарату жайы және қала аумағынан толық шығару уақыты; оқ-дәрі қоймаларының маңында орналасқан тұрғындардың әскери құрылымдарға кедергілері туралы мәселелер болды.

Сонымен қатар, халықты жедел желі мен телеарна, басылымдар және интернет ресурстар арқылы ақпараттандыру мәселесіне жіті көңіл бөлу үшін нақты тапсырмалар жүктелді.