Home Қоғам ТҮРКІСТАН: БҮЛДІРШІНДЕР БАҚ СЫНАСТЫ

ТҮРКІСТАН: БҮЛДІРШІНДЕР БАҚ СЫНАСТЫ

1-маусым балаларды қорғау күніне, «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, Түркістан қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен, «Жауқазын» мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған өнер фестивалі өтті.

Түркістан қалалық мәдениет үйінің фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасына байқау ережесі алдын ала жарияланып, үміткерлер онлайн форматта өз өнерлерін ұсынған болатын. Өнерлі балалар мен жасөспірімдерді анықтау, шығармашылығына қолдау көрсетіп, насихаттау, отансүйгіштік пен ұлттық рухта тәрбиелеу, бағыт-бағдар беріп, өмірге деген құштарлығын арттыру мақсатында ұйымдастырылған өнер фестивалі ән, би, көркемсөз, қолөнер, қылқалам шеберлерінің көрмесімен ерекшеленді. Көрмеге балалардың қолдарынан шыққан бұйымдар қойылып, тың туындылар көрермендер назарына ұсынылды.

Фестиваль қорытындысы офлайн форматта өтіп, шығармашылық қабілеттері басым жасөспірімдер сахна төрінде өз өнерлерін көрсетті. Үміткерлер арасында Түркістан аумақтық балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы, Түркістан жоғары медицина колледжі, Түркістан көмекші-мектеп интернаты, Ө. Жәнібеков атындағы №27 ІТ мектеп-лицейі және тілінде ауыр кемістігі бар балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернатының оқушылары бар. Оларға алғы сөзін арнап, өнерлеріне қанат бітірген Түркістан қалалық Мәдениет үйінің директоры, ҚР Мәдениет қайраткері Лиза Төлегенқызы құттықтауын білдіріп, жүрекжарды лебізін жеткізді.

Шара соңында өнерлі балаларға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталып, әнге құштар, биге әуестігі бар оқушыларға еселі еңбегін жұмсаған жетекшілеріне де арнайы алғыс хаттар табысталды.