Home Қоғам ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: АРЫСТА «ҚАЗАҚ ЕЛІНЕ АЛҒЫС» МЕМОРИАЛДЫҚ ТАҚТАСЫ АШЫЛДЫ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: АРЫСТА «ҚАЗАҚ ЕЛІНЕ АЛҒЫС» МЕМОРИАЛДЫҚ ТАҚТАСЫ АШЫЛДЫ

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Арыстағы апатқа 2 жыл толуына орай Арыс теміржол вокзалында орнатылған мемориалдық тақта төтенше жағдай кезіндегі арыстықтарға көмек қолын созған барша қазақстандықтардың құрметіне арналды.

«Қазақ еліне алғыс» мемориалдық тақтасы іргетасы 1904 жылы қаланған көне ғимаратқа ілінді.

Мемориалды-тақтаны жасаған жергілікті мүсінші, Мүтәліп Күздеубаев, ал тақтаға жазылған өлең авторы жергілікті ақын Мыңжасар Дәрменов атты азаматтар. Тақтада 2019 жылғы 24 маусымда әскери бөлімде орын алған төтенше жағдайдың салдарын жоюға және Арыс қаласын қалпына келтіруге атсалысқан барша Қазақ Еліне:

«Жарылыстан алапат,
Қайта келген қалпына.
Мың сан тағзым Арыстан
Қазақстан халқына

Тамған маңдай терлері,
Киелі Арыс жеріне.
Шексіз алғыс айтамыз
Барша Қазақ Еліне», деп жазылған.

Атап өтейік, екі жыл бұрын еліміздегі ең ірі қару-жарақ қоймасында болған жарылыстан зақымданған Арыс қаласын қайта қалпына келтіру жұмыстары Елбасы Н. Назарбаевтың, Мемлекет Басшысы Қ.К.Тоқаевтың, ҚР Премьер Министрі Асқар Ұзақбайұлы Маминнің, облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы Шөкеевтің бақылауында болды. Арыс қаласының аумағы 17 секторға бөлініп, қаланы қайта түлетуге еліміздің 14 облысы мен Нұр- Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, Түркістан облысының барлық аудан, қалалары жұмыла кіріскен еді.

Азаматтарға көрсетілген көмек жүйелі жүргізіліп, баспанасынан айрылған халықты уақытша эвакуациялық пункттерге орналастыру, азық-түлік қорын қалыптастыру, киім-кешек, қажетті бұйымдармен қамтамасыз ету, әлеуметтік нысандарды қайта салу мен тұрғын үйлер құрылысын жүргізу жұмыстары қарқынды жүрді.