Ауыл шаруашылығы жерлерін әртараптандыру мен бір жерден екі рет өнім алуда жетісайлық шаруаларда белсенділік жоғары. Бүгіннің өзінде Жетісай ауданында 600 гектардай егістік алқаптан екі рет өнім алу мүмкіндігі туып отыр. Бұл көрсеткішті тағы да жақсартуға болады. Сондай-ақ, ауданның «Даму» бағдарламасына орай үшжақты келісімді іске асыру мақсатында жүзеге асатын жобалардың қатарын жыл соңына дейін көбейту қажет. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы саласына тартылатын инвестиция көлемін ай санап арттыру жүктеліп отыр. Бүгін осы және өзге де ауыл шаруашылығы мәселелері Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ербол Садырдың Жетісай ауданына жасаған іс-сапары барысында әңгімеге арқау болды.
Ербол Әбілқайырұлы ең алдымен Ш. Дәлдабеков ауыл округі, Көрікті ауылындағы мал бордақылау алаңының жұмысымен танысты. Мұнда алдағы уақытта 300 басқа дейін қара мал бордақыланады деп күтілуде. Қожалық басшысы Мұхтар Жүнісбековтің айтуынша, қоражайдың құрылысына 100 мың АҚШ доллары жұмсалыпты. Қожалық басшысы облыс әкімінің орынбасарына 1 мың гектардай жайылымдық жердің қажеттігін жеткізіп, көмек беруді өтінді.


Мұнан соң облыс әкімінің орынбасары Ынтымақ ауыл округіндегі «Ақ – алтын» ЖШС-нің жылыжайына атбасын бұрды. Мұнда бүгінде 30 соттық жерге лимон өсірілуде. Көшеттер көрші Өзбекстан елінен әкелініпті. Алдағы бір-екі жылда өнім бере бастайды. Өйткені бұл жылыжайға үш жылдық көшеттер отырғызылған. Ербол Әбілқайырұлы қожалықтың бұл бастамасына оң бағасын беріп, алдағы жұмыстарына табыс тіледі.
Биыл Жетісай ауданында 600 гектардай егістік жерге екі рет өнім егіліп отыр. Бұл көрсеткіш жыл санап арта түспек. Осы бағытта жұмыс істеп жатқан қожалықтардың саны да аз емес. Солардың біріне аялдаған Ербол Әбілқайырұлы егістік жерлерді әртараптандыру мақсатындағы жұмыстарға да оң бағасын берді.
Облыс әкімі орынбасарының назарынан Қарақай ауыл округіндегі «Медет» сүт өңдеу цехы да тыс қалған жоқ. Мұнда қазір 20 адам жұмыспен қамтылған. Жалпы құны 100 мың АҚШ долларын құрайтын кәсіпорында сүт өнімдерінің 8 түрі шығарылады. Ербол Әбілқайырұлы кәсіпорынның жұмысымен танысып, алдағы уақытта сүт тасымалдау және өндірілген өнімдерге субсидия алу мүмкіндіктерін түсіндірді.
Сапар барысында облыс әкімінің орынбасары Жылысу ауыл округіндегі «Ер-Те-Агро» ЖШС-нің 40 гектарлық жүзім алқабын аралап көрді. Былтыр мұнда жүзімнің 9 түрі егілсе, биылдың өзінде әр гектардан 3 тоннаға жуық өнім алынуда. Қазіргі таңда 9 түрлі жүзімнің 5 түрінің өнімі еліміздің барлық аймақтарына жөнелтілуде. Мұндағы жұзім сорттарының бір ерекшелігі – күзде топыраққа көмуді қажет етпейді. Яғни, 25 градусқа дейін суыққа төзіп бере алады.
Жұмыс сапары соңында облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр, Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нүрбек Бадырақов, Жетісай ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаевтың қатысуымен кеңейтілген мәжіліс болып өтті. Жиында аудандағы ауыл шаруашылығы көрсеткіштерін жақсарту мақсатында бірқатар мәселелер талқыланып, ауыл округтерінің әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктелді.