Home Басты жаңалықтар Түркістан туризмі 3 бағытта дамып келеді

Түркістан туризмі 3 бағытта дамып келеді

Түркістан облысында туризм саласы тарихи-танымдық, емдік-сауықтыру және экологиялық туризм болып, 3 бағытта қарқынды дамып келеді. Жыл соңына дейін 38 туристік инвестициялық жобаның жүзеге асады. Нәтижесінде 1050 жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде. Бұл туралы жетінші шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихатының кезекті он бірінші сессиясында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев мәлімдеді. Өзіне жүктелген функциялар мен міндеттерін орындауы туралы баяндаған өңір басшысы бұл бағыттағы маңызды жоспарлармен бөлісті. Түркістан қаласындағы туристік нысандар бойынша ақпараттар әлемдегі ең ірі «http://xn--ripadviser-mwi.com/» саяхатшылар порталына енгізілді. Облыстың туристік нысандарымен танысудың кәсібилік сапасын арттыру және өңірге келетін қонақтар, туристермен жұмыс жүргізетін гид-экскурсоводтардың білікті кадрлар санын ұлғайту үшін 50 гид-экскурсовод мамандары даярланды.«Түркістан қаласына келуші туристер саны артып келеді. Жыл басынан 1,1 млн. адам келіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 5,6 есе артты. Түркістан қаласының туристік әлеуетін арттыру бағытында «Түркістан-Шымкент-Ташкент» жоғары жылдамдықты теміржол магистралі салынады. Бұдан бөлек, Түркістан қаласы аумағында жағажай демалыс орындарын ұйымдастыру мақсатында жасанды көл, ескек есу каналы, туристік-рекреациялық аумақ салынып жатыр. Келер жылы аяқтау жоспарлануда. Тау-шаңғы туризмін дамыту мақсатында Төлеби ауданында «Қасқасу туристік-рекреациялық орталығы» салынады. Бүгінгі таңда, инженерлік инфрақұрылым құрылысы жүргізілуде. Аталған жобаларды іске асыру облысымыздың туристік әлеуетін арттырып, қосымша жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді»,-деді облыс әкімі өз сөзінде.