Home Басты жаңалықтар Түркістан: Этносаралық тұрақтылықты нығайту басты орында

Түркістан: Этносаралық тұрақтылықты нығайту басты орында

Бүгін Түркістан облысының әкімдігі мен облыс прокуратурасының ұйымдастыруымен Түркістан облысы аумағында қоғамдық-саяси және этносаралық тұрақтылықты қамтамасыз ету, ұлтына, тіліне қарамастан тұрғындардың бір-біріне деген құрмет көзқарасын қалыптастыру мақсатында «Қоғамдағы этносаралық тұрақтылықтың ерекшеліктері» тақырыбында семинар болып өтті.

Еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты «ZOOM» платформасы арқылы өткізілген жиынға облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, облыс прокурорының орынбасары Жомарт Нұрғали, облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Дамир Жүнісов, құқық қорғау органдарының басшылары мен қала, аудандардың әкімдері және тарихшы, ғалымдар мен облыстағы этнос өкілдері қатысты. Семинарда этносаралық қақтығыстардың алдын алудың заманауи әдістері, модельдері, теориялық және практикалық аспектілері талқыланып, мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылдардың маңыздылығы туралы белгілі ғалымдар мен осы салада еңбек етіп жүрген кәсіби мамандардың баяндамалары тыңдалды.

Жиынды облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов жүргізіп «Өңірімізде этносаралық келеңсіздікке жол бермеу баршамыздың да жауапкершілік танытуымызды қажет етеді. Себебі, қоғамда тұрақтылықты сақтау біздің міндетіміз. Тұрақтылық болмаған жерде даму да болмайтынын өздеріңіз жақсы білесіздер» деп жиынның күн тәртібін таныстырды.Алғаш сөз алған облыс прокурорының орынбасары Жомарт Нұрғали облыстағы этносаралық тұрақтылықты сақтаудың басым бағыттары мен сол бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.