Home Әлеумет ҰСТАЗЫМ, МЕНІҢ ҰСТАЗЫМ!

ҰСТАЗЫМ, МЕНІҢ ҰСТАЗЫМ!

Арыс қаласының мәдениет үйінде ұстаздар қауымының төл мерекесіне орай «Ұстаз – мектептің жүрегі» атты салтанатты шара өтті. Оған қала әкімі Гүлжан Құрманбекова мен мәслихат хатшысы Амантай Байтанаев, білім саласына еңбегі сіңген ардагерлер мен ұстаздар және өнерпаз оқушылар қатысты.
Ұстаздарды ұлықтауға арналған шара аясында өнертапқыш мектеп оқушыларының төл туындыларынан арнайы көрме ұйымдастырылды. Ол жерде ұлттық ою-өрнекпен безендірілген тұрмыстық шаруашылық заттардан бастап, өзге ғаламшарларды зерттеуге арналған инновациялық құрал-жабдықтар да жұртшылық назарына ұсынылды.

Қала әкімі Гүлжан Мамытқызы мереке иелеріне жүрекжарды тілегін білдіріп, білім саласында табысты еңбек еткен бірқатар ұстазға «Қалаға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі мен «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісін табыс етті.

Сондай-ақ, қалалық мәслихат хатшысы Амантай Байтанаев пен Арыс қаласының адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Әшімхан Момбеков те бірнеше мұғалімді марапаттап, мерейін үстем етті.

Мұғалімдерге Түркістан облысы әкімінің марапаты мен білім және ғылым министрлігінің, Арыс қалалық мәслихатының «Құрмет грамотасы», Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының «Алғыс хаты», Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының, облыстық білім және ғылым қызметкерлері жергілікті кәсіподақ комитетінің арнайы төсбелгісі табыс етілді.

Шара асында «Оқушының мектептегі бір күні» атты әлеуметтік ролик көрсетіліп, Б.Онтаев атындағы мектептің «Шашу» бишілер тобы және «Ақнұр» балабақшасының тәрбиеленушілері өз өнерлерін паш етті.

Сонымен қатар, С.Адамбеков атындағы білім ордасының ұстаздары «Ұстаздық еткен жалықпас» әдеби қойылымын көпшілік назарына ұсынып, көрермендер қошеметіне бөленді.