Домой Басты жаңалықтар ӘМІРЛІКТЕР АСТАНАСЫНДАҒЫ ӘЙГІЛІ МҰРАЖАЙ

ӘМІРЛІКТЕР АСТАНАСЫНДАҒЫ ӘЙГІЛІ МҰРАЖАЙ

         Осыдан екі ай бұрын «Аспанмен астасқан Абу-Дабиге сапар» атты жолжазбамыз жарық көрген болатын. Киелі шаһар мен Біріккен Араб Әмірліктерінің арасында ашылған әуе рейсі дүниенің екінші қиырындағы елдің мәдениеті мен тарихын, тұрмысын тануға мол мүмкіндік берді. Көзбен көріп, куә болған оқиғаларды оқырман қауым назарына ұсынуды жөн көрдік. Осыған орай бүгінгі мақаламыз БАӘ-нің астанасы Абу-Дабидегі әлемге әйгілі Лувр өнер мұражайы хақында болмақ.

Парижде орналасқан жер бетіндегі ең ірі қазына қоймасы — Лувр мұражайының атын алған бұл мұражайды құру туралы шешім 2007 жылы қабылданған. Құрылыс 2009 жылдың 26 ​​мамырында басталғанымен, өнер мен тарих жанкүйерлері нысанның ашылу салтанатын ұзақ күткен. Себебі, 2012 жылы ашылады деп жоспарланған Лувр 2015 жылы ашылатыны хабарланып, кейін 2016 жылға ауыстырылған. Ал 2016 жылы Абу-Даби билігі аталмыш өнер мұражайы 2017 жылы ашылатынын хабарлаған болатын. Осылайша Франция Президенті Эммануэль Макрон мен БАӘ Президентінің қатысуымен салтанатты жиын өтіп, төрткүл дүние тағатсыздана тосқан айтулы нысан қолданысқа берілген.

Сонымен, он жылға жуық келіссөздер, 4 мыңнан аса француз мұражай қызметкерлерінің, өнертанушыларының наразылық қолына қарамастан Абу-Дабиде даңқты Лувр ашылды. Айта кетейік,  сан ғасырлардан сыр шертетін қазына қақпасына кіру құны — 65 дирхам. Теңгеге шаққанда шамамен 7-8 мың теңгені құрайды. Сіз небәрі 7-8 мың теңгеге жер бетіндегі адамзат жүріп өткен барлық баспалдақты басуға мүмкіндік аласыз. Ғимарат жобасын дүниежүзінің көптеген зәулім ғимараттарын сызған сәулетші Жан Нувель жасаған.  Абу-Дабидегі өнер мұражайы Саадият аралында («бақыт аралы» деген мағынаны білдіреді) орналасқан. Есептеп көріңіз, аталған мұражай Франциядағы тарихы бай ең көне мұражайдың атауын алу үшін  525 миллион доллар жұмсаған. Ал  арнайы көрмелер мен жобаларға тағы 747 миллион доллар төлеген. Мұнымен қоса Луврға басқа араб мұражайларынан  28 маңызды бұйым жеткізілген.  Осыған орай бұл мұражай араб әлеміндегі алғашқы әмбебап мұражай деген мәртебе иеленді. Ресми деректерде Абу-Даби Лувр ғимаратының құрылысы 600 миллион еуро деп бағаланған. Жоғарыда жер-жаһан жарыса жазған Абу-Даби Лувры турасында бірнеше мәрте даулы мәселелер болғанын да айта кеттік. Француз мұражайларының коллекцияларынан картиналар  беріле бастағанда кейбір француздың өнер қайраткерлері арасында үлкен дау туған. Бұл даудың соңы Франция билігіне арналған петицияға ұласып, оған наразылық ретінде 4700 мұражай сарапшысы, археологтар мен өнертанушылар қол қойған. Алайда әлем мәдениеті мен тарихының жауһарларының бір нүктеге тоғыстырған әйгілі мұражай қай қиырдан қарасаңыз да «менмұндалап», Абу-Дабиге табан тіреген әр адамға құшағын айқара ашып тұр. Ең қызығы — біз тамашалаған әйгілі өнер ғимаратына келушілер оны ашық теңізде, ашық аспан астында аралайды. Мәселе мынада, «тасбақа» пішінінде  салынған Абу-Даби Лувры жай ғана мұражай емес, теңіз тасбақаларын сауықтыру орталығы боп табылады. Өйткені мұнда тасбақаның жеті түрінің бесеуі мекендейді екен.

Ян Пей-Минг, «Мона Лиза»

БАСТЫ ВЕСТИБЮЛЬ. «ДЖОКОНДАНЫ» ЖЫЛАТҚАН ЖАҢА НҰСҚА

          Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасындағы жаңа мұражайға алғаш рет табанымыз тиген сәттен көрген қызықты дүниелерді таспаға түсіре бастадық. Мұражайда Лувр, Жорж Помпиду және Версаль орталықтарынан 300-ге жуық экспонат қойылған. Әртүрлі елдердің көне жәдігерлері қойылған тақырыптық залдардың қонақтың танымы мен қызығушылығын арттыратыны сөзсіз. Әлем тарихындағы алғашқы өркениеттің үлкен белгілері сақталған Қытай, Үндістан, Ирак секілді мемлекеттерде табылған түрлі тарихи жәдігерлерді осы жерден таба аласыз. Мұражайдың негізгі концепциясы — елдер, діндер және өркениеттер арасындағы бірлікке құрылған деп түйдік. Себебі мұнда ежелгі қытай ыдыстары Таяу Шығыстан табылған алтын тостағандармен қатар орналастырылған. Мәселен, 9 ғасырдағы «Көк Құранның» бір парағы, 15 ғасырдағы Йемендік Таурат және 13 ғасырдағы Библияның қатар орналасуы — күллі әлемдік өркениеттің, мәдениеттің ортақ қазына екенін айқындап тұр. Мұражайдан жайлылық, ізгілік және парасаттылықты анық сезесіз. Кем дегенде барлық адамзат баласы бір тамырдан екенін түсініп, бойыңызда Абайша айтсақ, «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп!» деген аяулы сезім пайда болады.

          Париждің қақ ортасындағы Сена өзенінің оң жағалауында орналасқан Лувр мұражайын жыл сайын 8,5 миллион адам тамашалайды екен. Келушілердің жартысынан көбі осыдан 520 жыл бұрын Леонардо Да Винчидің «Мона Лиза» немесе «Джокон­да» атты ең атақты картинасын көруге келетіні даусыз. Толық атауы – «Мона Лиза дель Джокон­да ханымның портреті». Ғасырлар бойы атақты қылқалам шеберлері Мона Лизаны өзінше түсіндіріп келеді. Ал Абу-Даби Луврының кіреберісінде дәл осы атақты картинаны қайталаған Ян Пей-Мингтің пародия портреті мүлдем бөлек. Айта кетейік, қытайлық шебер Будда, Мао Цзэдун, Владимир Путин, Барак Обама, Брюс Ли секілді үлкен портреттерімен әлемге танымал. Кейінгі жылдары суретшінің «Моно Лизасы» оның шығармашылығын одан ары шарықтатты. Әдетте «Джоконда» десе жұмбақ жымиыспен қарайтын, күлкісінде кекесін бар әйел елестесе, қытайлық шебердің пародия портреті Мона Лизаның маңдайынан аққан бояу жолақтары арқылы оның көз жасын көрсеткен. Экзистенциалистік, катарсистік кескіндемеге негізделген ерекше стильден Ян Пей-Мингтің бейтарап түстер арқылы үлкен мағына беретініне таңырқамасқа амал жоқ. Басты вестибюльден өзіне баурайтын «Джоконданың» жаңа нұсқасы мұражайдағы ең маңызды туындылардың бірі десек артық емес.

Дулыға, Түркия. (1450-1500 ж.ж)

КӨЗ ТАРТҚАН КӨНЕ ЖӘДІГЕРЛЕР КӨРМЕСІ

          Алғашқы галереядан бастап аңыз-әпсаналар мекеніне апаратын бұл мекенде біздің заманымызға дейінгі 3500-2500 жылдары аралығында табылған құнды жәдігерлер сақталған. Соның бірі — адамзаттың алғашқы мәдениеті саналатын Евфрат пен Тигр өзендерінің бойындағы Шумер өркениетіне жататын «Дұға етуші адам» ескерткіші. Қазіргі Ирак немесе Сирия аймағынан табылған бұл ескерткіш б.з.б 2400 жылдарға жатады екен. Бұдан бөлек Ежелгі Мысыр перғауыны Рамсес ІІ (б.з.б. 1290 — 1224) ескерткіші мен Мысырдың соңғы патшайымы Клеопатра VIІ бюстін көруге болады. Империялар өркениетіне бастайтын әр залдың өзіндік әлемі бар. Тарихпен бетпе-бет сырласуға мүмкіндік беретін көрмелер расымен де көнеден сыр шертеді. Ежелгі мемлекеттердің мифологиясына қызығатын болсаңыз, мұнда қанатты айдаһарды да, сфинксті де, ертедегі құдайлар туралы аңыздарды да кезіктіресіз. Әрі қарай алғашқы әлем картасы мен глобустар арқылы адамзат жасаған алғашқы зерттеулерге қанық боласыз.

          Сондай-ақ, жоғарыда атап өткен әлемдік діндердің бағалы мұралары Луврдің төртінші галереясынан орын тапқан. Ал бесінші көрме бізге жақсы таныс «Ұлы Жібек жолына» арналған. Алтайдан Атырауға дейін мекендеген бабалар мәдениетінің бір ұшқыны Абу-Даби төрінде тұрғаны көкірекке қуаныш ұялатады. Осы орайда Осман империясынан жеткен қазба байлықтарды да атап өткен жөн. Баһадүрлердің бас киімі — дулығалар мен алдаспандар сол қалпында сақталған. Императорлар ғана пайдаланған «каллиграфиялық жазу үстелі» біздің қаншалықты бай мәдениетке ие болғанымызды айқындайтындай…

Марк Шагал, «Жарық пен түнек арасында».

Мұнан ары сізді жаңа Луврдағы «жаңа заман тарихы» галереясы қарсы алады. Бейнелеу өнерінің белгілі туындылары қойылған көрмелер Батыс пен Шығыстағы негізгі оқиғаларды, атақты адамдарды таныстырады. Сонымен қатар, киноның пайда болуы, өткен дәуірлер жетістігі де назардан тыс қалмаған. «Бәрін айт та, бірін айт» дегендей, «әлемдік арена» көрмесіндегі Марк Шагалдың «Жарық пен түнек арасында» картинасы ерекше әсер қалдырды. Бір қарағанда бұйығы әрі елеусіз көрінетін туындының тарихына зер салып, суретшінің автопортретін тануға болады. Картинада автор өзінің арман-арзуын бейнелегендей. Сурет фонындағы мұңды пейзажды аңғарған әр адам одан өз бейнесін табатыны анық. Жұмбақ та жария, ашық та бұлдыр бейнелер өз алдына бір тақырып. Егер жолыңыз түсіп бара қалсаңыз, Луврды аралауға жарты күніңізді арнағаныңыз абзал. Себебі, дүниежүзі тарихын бірер сағатта көріп тауысу мүмкін емес.

          Сонымен, талайды таң қалдырған диаметрі 180 метрлік көпқабатты күмбез мұражайға саяхатымыз сәтті аяқталды. Алып шаһар Абу-Дабидегі өнер, мәдениет, тарих тоғысқан бұл мекенге мүмкіндік болса тағы барамыз. Мұндағы жұрттың айтуынша, Лувр — бұл әзірге алғашқы белгі ғана. Себебі, дәл осы Лувр орналасқан Саадият аралында АҚШ-тағы өнер мұражайы Гуггенхаймның тағы бір филиалы ашылып, 2025-2026 жылдары қолданысқа берілмек. Сондай-ақ, Біріккен Араб Әмірлігінің ұлттық мұражайы да осы маңда салынуда. Демек, айналасы 1-2 жылдың ішінде Абу-Дабиде әлемдегі ең үлкен мұражайлар кварталы бой көтереді. Әрине, бұл «ең» деген үстеуді жақсы көретін мемлекет үшін ауыр жұмыс емесі анық. Алып қазына аралынан көрген-білгенімізді көпшілікпен бөліскендегі басты мақсат — оқырмандарға пайдалы ақпарат беру болатын. Алдағы уақытта Абу-Даби мен Дубай қалаларындағы қолжетімді қызмет түрлері мен топ-10 орталықтар туралы ақпараттарды бөлісетін боламыз, мәртебелі оқырман!..

Түркістан-Абу-Даби-Дубай-Абу-Даби-Түркістан

Дәурен ТІЛЕУХАН.