Домой Қоғам ПАРАДАН ЖАТ ЖҮР, АЙНАЛАҢА АДАЛ БОЛ!

ПАРАДАН ЖАТ ЖҮР, АЙНАЛАҢА АДАЛ БОЛ!

«Адал еңбек», «Адалдық» деген ұғымдарға терең бойлай түссек, ең алдымен адам бойындағы ең асыл қасиеттер ойға оралады. Қазақ пайымында «Адалдық жүрген жерде, адамдық жүреді», «Адамды тұрар адам қып, Ақ жүректілік пен адалдық», «Ала жіпті аттамағанның абыройы биік» сынды сүбелі сөздер мен мақамды мақал-мәтелдер ертеден ел арасында кең таралып, қазіргі қоғам өміріне дейін өз құнын жоғалтпай келеді. Жағымсыз қасиеттер адамның өн болмысын кері сүйрейтін болса, адалдық, адамгершілік, ар-ұждан — адам баласының мәртебесін кетеретін һәм мерейін арттыратын арда қасиеттер болып табылады. Десе де, бұл аталмыш құндылықтар туа пайда болмайтыны белгілі. Қоғам дамуына сәйкес, ізгі қасиеттер әрбір адамның бала күнгі тәлім-тәрбиесіне, білімі мен қоршаған ортасына және адал еңбектену процесіне негізделе отырып қалыптасады. Бұл турасында жастардың жол сілтеуші темірқазығына айналған – Ұлы Абай Құнанбайұлы жиі қалам тербеген. Ол айнымас асыл қасиеттің қазақ үшін қашанда мәртебесі биік екендігін өз шығармаларында ақтарыла ашық айтып, өлеңдері арқылы жаңа жас толқынға адалдықтың асқаралы тұғырынан түспеу қажеттігін жіліктеп жеткізуге ұмтылған. Хакім Абай адамгершіліктің асқақ үлгісін сипаттауда асқан шеберлік таныта отырып, «Пайда ойлама, ар ойла!» атты өлеңі арқылы келер ұрпаққа пайдакүнемдік пен пендешілік сықылды теріс әрекеттерден адам жанының қуыс кеудеге айналатынын, ал білім мен ғылымның соңына ергендер қазынаға толы кенішке кенелетінін айрықша атап өткен. Сондай-ақ, осы өлең ішіндегі «Адал жүріп, адал тұр» деген тәмсілді тіркес сөзді де дәл тауып, адалдықты арқау етіп өмір сүруге шақырған. Ұлы ақын өзінің жиырма тоғызыншы қара сөзінде «Адал еңбекпен мал іздемек — ол арлы адамның ісі» деп, маңдай термен мал табудың – тек ары таза жандарға тән әрекет екендігін баса айтып көрсетеді. Бұдан бөлек, отыз сегізінші қара сөзінде «Кімде-кімнің әділеті жоқ болса, оның ұяты да жоқ» деп, ала сөйлеп, ақиқаттан ат үсті жалтарған жандарды өткір тілмен түйрей түскен. Расында, ұлы тұлғадан ұрпақтың алар ұлағаты көп. Бүгінде жаһандану дәуіріне жұтылмау үшін парасатты ойдың шалқар биігінде өмір кешкен Абай атамыздан үлгі-өнеге ала отырып, оның еңбектері мен шалқар шығармаларын санамызда сөнбейтін жарық сәуледей сақтауымыз қажет. Парадан жат жүрейік, тек адал еңбегімізге арқа сүйейік! Жандос ҚАМБАРБЕКОВ, «Күрең тұлпар» Қоғамдық Бірлестігінің жоба үйлестірушісі