Домой Басты жаңалықтар ТУҒАН ЖЕРГЕ ТУЫҢДЫ ТІК

ТУҒАН ЖЕРГЕ ТУЫҢДЫ ТІК

“Туған жерге туыңды тік” деп дана халқымыз бекер айтпаған. Ұядан қияға ұшып, ат жалын тартып азамат боп кетсе де туған жерге деген құштарлық сезім әркімнің ет жүрегінде от болып алаулап тұратыны айдан анық.
Тұңғыш Президентіміздің «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы аясындағы «Туған жерге тағзым» акциясы да көпшіліктің көңілінен шыққан оң бастама екені сөзсіз. Келес ауданынан шыққан азамат Ходжабаев Мухан Абайұлы, туған жері яғни Келес ауданында «ТМ Строй 21» ЖШС құрып, өз қаражаты есебінен жіп иіру және күйдірілген қыш өнімін өндіретін зауыт ашып, 20 азаматты жіп иіру цехына жұмысқа алып, 48 азаматты кірпіш зауытына қабылдап жалпы бүгінгі таңда 68 азаматты жұмыспен қамтып отыр. Бүгінде жалпы әр жұмысшы 90-100 мың теңге көлемінде айлық жалақы алуда. Ходжабаев Мухан Абайұлы 1975 жылдың 2 мамырында Келес ауданы Бірлесу ауылдық округінде туылған. Бірлесу ауылдық округіндегі №87 орта мектепті білім алып, мектепті аяқтаған соң Алматы қаласына аттанады. Еліміздің екінші мегаполисында сауда саласында жұмыс жасай отырып, кәсіпкерлікке алғашқы қадамдарын тастайды. Адалдықты талап ететін берекелі кәсіптен белгілі бір жетістікке жеткен соң, туған өлкесі Келес өңіріне келіп, кәсіпорын ашуға бел буады. Аталған кәсіпорынның құрылысын 2017 жыл бастап, 2018 жылы зауыт іске түсті. Жуантөбе елді мекеніндегі «ТМ-Строй-21» ЖШС-нің пресс жіп иіру және қыш зауыттарының жалпы құны – 250 млн. теңге, өндіріс орны жылына 1000 тонна пресс жібін дайындайды. Ал жобалық құны 160 млн.теңгені құрайтын қыш зауытының жылдық қуаттылығы 32,4 млн. дананы құрамақ. Алдағы уақытта, Бірлесу ауылдық округі тумасы, жеке кәсіпкер зауыт қуаттылығын арттырып, аудан азаматтарын жұмыспен қамту деңгейін арттыруды жоспарлап отыр.