«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Асхат Бейсенбаев осы мәселе жайлы егжей-тегжейлі ақпарат берді. Биылғы жылы оңалту қызметін қаржыландыру деңгейі 2020 жылмен салыстырғанда 1,6 есеге артып, 5 млрд 583 млн теңгені құраған.
Ағымдағы жылдың 6 айында Қор оңалту қызметі үшін 2 млрд 839 млн теңге төлеген. Аймақтық тұрғыдан алып қарағанда, қызметтің басым бөлігі аудан, қалалардағы ауруханаларда көрсетілген. Медициналық сақтандыру қоры халық үшін оңалтудың қолжетімділігін арттыру бағытында жан-жақты жұмыс істеуде. Егер 2019 жылы бұл қызметті 9 медициналық ұйым көрсетсе, 2020 жылы олардың саны 48-ге жетті. Ал 2021 жылы облыс бойынша 50 ұйым медициналық оңалту қызметін көрсетуге тапсырыс алған. 2021 жылдың басынан бастап күндізгі және тәуліктік стационарларда 15 296 науқас реабилитациялық ем қабылдаған. Амбулаториялық деңгейде 5 948 оңалту қызметі көрсетілген.
Оңалту
қызметі — негізгі немесе созылмалы ауруды емдеу қажет болғанда, қатты
ауырсынудан және хирургиялық операциялардан кейін, сондай-ақ жарақат алғаннан
кейін, сырқат салдарынан адамның қимыл-қозғалысы шектелген жағдайларда
көрсетіледі.