Home Қоғам ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫМЕН ТОЛЫҒУДА

ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫМЕН ТОЛЫҒУДА

Түркістан өңірінің тумасы Күнпейіс Жұмахан Қалпейісұлын жалпы ұстаз ретінде, ішкі жандүниесі мәдениетті азамат ретінде көптен танитын едім. Орта оқу орыны, жоғарғы оқу орындарының білікті ұстаз ғалымы екенімен де таныспын. Қалалық қоғамдық іс шараларда көпшілікпен бірге араласып та жүрдік. Бірақ, байырғы танысымның қыры мен сырын түгел біле бермейді екенмін.

Оның жергілікті газет беттеріне де әртүрлі өзекті тақырыптарда мақалалар жазып жүретіндігін де хабардармын. Қалалық кітапхана сөрелерінен Жұмахан Қалпеиісұлының жоғары оқу орындарының студент жастарына арналып жазылған педагогикалық бағыттағы көптеген оқу құралдарымен бірге әртүрлі тақырыптағы танымдық көркем әдебиеттерін де кездестіруге болады.

Менің оқырман қауымға айтар ойым Жұмахан Күнпейістегінің өткен жылы Шымкент қаласындағы «Жебе» атты баспаханадан басылып шыққан «АМАНАТ» атты кітабы қолыма тиген. Өткен тарихымызды, салт- дәстүрімізді, әр заманның ойлы қырлы амал жолдарын келешек ұрпақтарымызға жеткізу аманат екені түсінікті. Автордың еңбегінен жазған әңгімелерінің желісі, жазған мақалаларының, өзінің зерттеу жұмыстарының ұзын арқауында автордың өмірдегі құбылыстардан алған әсерін әдемі сөзбен ғана емес, әдемі де әсерлі, өзіндік әсем ойларымен әспеттеуі назар аударарлық екендігін мен жақсы түсінгендеймін. Сондай ойлардан туындаған танымдық көркем әдебиет іспеттес кітабында біраз тақырыпты қамтыпты. Қазақ хандығының құрылуы, хандар туралы, хандық замандардың тауқыметі жайлы материалдары оқырмандарға көп сыр шертеді. Әсіресе, кітаптың жаратылыс құпиялары туралы бөліміндегі аңыздар мен шежіре деректер туралы жазғандары кімді болса да қызықтырмай қоймас.

Автордың біраз шығармаларында өзімен өзі диалог жасап, өз қорытындысын, кейде ұсыныстарын айтып отыратыны да жарасымды екен. Қатардағы журналистердің бірі деп жүрген азаматымның қаламгерлік қайраткерлігін анық байқағандаймын.

Нұрмахан НАЗАРОВ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Қазақстанның мәдениет қайраткері, Түркістан қаласының Құрметті азаматы, Халықаралық психология ғылымдары Академиясының (Ресей, 2008 жыл) Құрметті академигі.