Home Қоғам Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – әрбір қазақстандықтың қасиетті міндеті

Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – әрбір қазақстандықтың қасиетті міндеті

Қазақ елінің тарихына жүгінсек, ата-бабаларымыз туын марқая, мақтана тік ұстап, ұрыс барысында жанын қиса да туды төмен түсірмеген. Міне, осындай мемлекеттік нышанға деген құрметті үлгі ете отырып, жастарға насихаттау, отансүйгіштік сезімін жоғарылату баршамыздың Отан алдындағы борышымыз.

Мемлекеттік рәміздер – еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін паш етуші әрі мемлекетіміздің өткені, бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі. Халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаћармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер. Елтаңбамыз ел тарихының тереңінен тамыр тартып, ұлттық рухымызды асқақтатып, шаңырағымыздың беріктігін паш етіп, республикамыздың қанатты тұлпардай ұшқырлығын айғақтап келеді.

Биыл Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздерінің 29 жылдық мерейтойы. Алғаш рет 1992 жылы маусымның 4-інде тәуелсіз Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері бекітілді. Бұл күн мемлекеттік рәміздердің туған күні ретінде еліміздің тарихында мәңгі қалды. Міне, осы күннен бастап қазіргі уақытқа дейін 29 жыл өтті. Осы өткен жылдарда Қазақстан байрағы қазір әлемнің басқа да тәуелсіз мемлекеттерімен бірге БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штабы пәтерінде желбіреп тұр. Ел Әнұраны олимпиада ойындарында Қазақстан спортшыларының құрметіне шырқалады. Елтаңбамыз ұлттық теңгенің басып шығарылған банкнотында бейнеленген. Мемлекеттік рәміздеріміз алғашқы қазақстандық ғарышкерлермен бірге ғарышта да болып қайтты.

Ал, 2005 жылы еліміздің халықтық жаңа Әнұраны қабылданды. Бабалардың ғасырлар бойғы арманы – «Менің Қазақстаным» деген құдіретті әуен елімізді ұлы болашаққа асқақтатып барады. Осының бәрі – Қазақстанның жаңа тарихының қастерлі беттері. Оның қасиеттілігі сол, Отанның өзі нақ осы Тудан, Елтаңба және Әнұраннан бастау алады. Оларды жүрегіне басып, маңдайына тигізіп қадірлеу арқылы егемен елдің еңселі азаматтары қалыптасады. Біз, Тәуелсіз Қазақстанның азаматтары бұл күндері бүкіл ел болып сүйікті Әнұранымызды шырқаймыз. Туымыз бен Елтаңбамызды мақтан етеміз. Біз болашақта бұдан да бай, қуатты елде өмір сүретінімізге сенімдіміз. Бәріміздің жүрегіміз Отан деп соғып, Тәуелсіздік туы желбірей берсін. «Менің Қазақстаным» атты ұлы Әнұран әрбір қазақстандықты бірлік пен татулыққа үндей берсін. Қазақ елінің Мемлекеттік Туын асқақтатып, бүкіл әлемге танытуда келер ұрпақтың, жастардың үлесі жоғары болғай!

Меруерт АБУОВА,

Түркістан қалалық ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі.