Home Басты жаңалықтар Түркістанды дамытуға үлес қосқан ардагерлер бас қосты

Түркістанды дамытуға үлес қосқан ардагерлер бас қосты

Түркістан облысының әкімдігінде облыстық Ардагерлер Кеңесінің VIII есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Конференцияны ашып, жүргізген – Кеңестің төрағасы Ж.Мәуленқұлов.

Жиналысқа Республикалық «Ардагерлер ұйымы» Орталық кеңестің төрағасы Ізмұханбетов Бақтықожа Салахатдинұлы арнайы қатысты. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев, облыстык мәслихаттың хатшысы Қайрат Балабиев, жазушы, «Жазушылар одағы» басқармасы төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов қатысқан конференцияға аудан, қала әкімдері, аудандық, қалалық ардагерлер ұйымынан сайланған делегаттар «онлайн» режимімен қатысып отырды. Басқосуда Түркістанның дамуы туралы кеңінен айтып өткен облыс әкімі тұтастай Түркістан облысының дамуы жолындағы еңбектері үшін облыс жұртшылығы атынан ардагерлерге алғыс білдірді. «Өздеріңіз білетіндей, Елбасымыз, ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркістан облысын құру жөніндегі жарлығының шыққанына 3 жылдан аса уақыт болды. Осы уақыт көлемінде өңірімізде көптеген шаралар қолға алынды. Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани және туристік орталығына айналдыру бағытында жоспар түзіліп, іске асырылды.

Бұл – мемлекетіміздің өңірімізге деген үлкен қолдауы. Бүгінгі таңда облыстық ардагерлер ұйымы осы мақсатта табысты еңбек етіп келеді. Ұлттық тәлім-тәрбиені ұрпақ бойына сіңіру арқылы жұртшылықты ізгілікке, отаншылдыққа, еңбекке құлшындыру бағытында облыс ардагерлерінің алар орны айрықша деп білемін. Үлгі болар ардагерлеріміздің ақылы біздің қоғамға өте қажет. Біз бүгінгі орта буын, зиялы қауым өкілдерінің идеялары мен ой-тұжырымдарын Түркістанды дамыту бағытында пайдаланатын боламыз. Бүгінгі басқосуда талқыланатын мәселелер мен тиімді ұсыныстар, бастамалар жерде қалмайды деп уәде беремін. Тұтастай Түркістан облысының дамуы жолындағы еңбектеріңіз үшін облыс жұртшылығы атынан алғыс білдіремін»,-деді Өмірзақ Шөкеев.