Home Әлеумет ТҮРКІСТАН: МӘСЛИХАТ ХАТШЫСЫ МЕН ФРАКЦИЯ ЖЕТЕКШІСІ ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ ӨТКІЗДІ

ТҮРКІСТАН: МӘСЛИХАТ ХАТШЫСЫ МЕН ФРАКЦИЯ ЖЕТЕКШІСІ ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ ӨТКІЗДІ

«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының «Open Space» үлгісіндегі қоғамдық қабылдау бөлмесінде кезекті қабылдау өтті. «Халыққа көмек» партиялық жобасы аясында Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы Қайрат Балабиев пен «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, фракция жетекшісі Бейсен Тәжібаев тұрғындарды онлайн және жүзбе-жүз қабылдады.
Қабылдау барысында 30-ға жуық тұрғынның сұрқтарына жауап беріліп, өтініштері қаралды. Тұрғындар негізінен әлеуметтік және материалдық көмек қажеттігі жөнінде, тұрғын үй мен жер теліміне мұқтаждық, жол, ауыз су, ағын су, газ, интернет байланысы, денсаулық сақтау және спортты дамыту мәселелері бойынша өтініш білдірді. Сонымен бірге инфрақұрылымды жақсарту, мектеп, емханаларды күрделі жөндеуден өткізу жөнінде де арыз-шағымдар тіркелді.
Тіркелген 18 арыз-өтініштің 5-еуі сол сәтте оңтайлы шешілді. Түркістан қаласының бір тұрғынына азық-түлік себепті ұсынылып, АӘК алуға кеңес берілді. Созақ ауданының тұрғыны С.Абызов және Түркістан қаласының тұрғыны А.Мухаеваға кәсіпкерлігін жандандыру мақсатында несие беруші мекеме басшылары шақырылып, құжаттарын реттеген жағдайда несие алуларына мүмкіндік бар екендігі түсіндірілді. Мақтаарал ауданынан келген О.Назаровқа ауылға қажет мәдениет үйі мен спорт кешенін реттеуге Жол картасы бойынша жұмыс атқарылатыны хабарланды.
Жалпы, қоғамдық қабылдау барысында барлық өтініштерге ҚР заңдарына сәйкес тиісті жауаптар беріліп, мәселелер бақылауға алынды.
Түркістан облысы бойынша облыстық, аудандық және қалалық мәслихаттарға «Nur Otan» партиясы фракциясынан 263 депутат сайланған. Оның 37-сі – облыстық мәслихат депутаттары. Бұл азаматтар мандатқа ие бола сала елмен тығыз жұмысты бастап кетті. Түркістан облысының барлық аудан, қалаларында қоғамдық қабылдаулар өткізіліп жатыр. Мәслихаттардың жаңа құрамы сайланғаннан кейін 2020 жылдың 11 ақпанына дейін Түркістан облысында барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары 131 кездесу өткізіп, 329 тұрғынның өтініштері мен талап-тілектерін қабылдап үлгерді. Бұл көрсеткіш күн сайын өзгеріп жатыр. Партиялық фракция жұмыс барысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұстанады.