Түркістан облысы оқушыларының еңбегі ғылыми жобалар сайысының қорытындысы бойынша үздік үштікке енді. Түркістан Алматы мен Павлодар облыстарымен бірге білім саласы бойынша алғашқы үштіктер қатарын толықтырды. Білім додасында Түркістан облысының 46 оқушысы бақ сынап, 22-сі жүлделі орындарға ие болды.
Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурсы Алматы қаласындағы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде өткен. Мыңға жуық оқушы қатысқан республикалық сайыстың іріктеу кезеңінен 625 жоба өтті. Ең үздік деп танылған ғылыми жұмыстар ақтық сынға жолдама алды.
Жас дарын иелерінің білімі таразыға салынған сайыста Түркістан облысының оқушылары 3 алтын, 7 күміс, 12 қола медальдарын жеңіп алды. Ғылыми жобаның қорытындысы бойынша Жетісай ауданындағы «Дарын» мамандандырылған мектеп-интернатының 11 сынып оқушылары Болат Маханбетов пен Даниял Тұрсымұрат және Сарыағаш ауданы №4 мамандандырылған мектеп-интернатының 10-шы сынып оқушысы Бағила Анарбек Алтын медаль иегерлері атанды.
Олар қоқыс өңдеу өнеркәсібін дамыту жолдары бойынша ғылыми еңбектерімен озық шықты. Және сал-серілер поэзиясындағы қыз бен жігіт сипатын берудегі көркемдік тәсілдердің қолданылу ерекшелігі тақырыптарында жұмыстарын қорғап шықты.
Ал, күміс медальдарын Кентау қаласындағы мамандандырылған “Дарын” мектеп-интернатының шәкірттері жеңіп алды. Дәл осы білім ұясы мен Кентау қаласы, «Шорнақ» жалпы орта мектебінің және Қазығұрт ауданы, №5 Ж.Каппаров атындағы мамандандырылған физика-математикалық мектеп-интернаты және Түркістан қаласы, Н.Оңдасынов атындағы Түркістан мамандандырылған мектеп-интернатының шәкірттері қола жүлде иемденді.
Мектеп оқушыларына арналған сайыс осымен 21-рет ұйымдастырылып отыр. «Дарын» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығы ұйымдастырған жас ғалымдар бәсекесі биыл ерекше форматта өткен. Ашықтық пен айқындылықты қамтамасыз ету мақсатында байқау онлайн-режимде өтті.