Мақтаарал ауданында тасқын судан зардап шеккен азаматтарға арнап салынатын тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстары басталып кетті. Қазірдің өзінде Мырзакенттің шығыс бетіндегі 50 гектар аймақта 40-тан астам құрылыс компаниясы келіп, үйлердің іргетасын қалау жұмыстарына кірісіп кеткен. Мұндағы құрылысқа негізінен облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына орай Мақтаарал ауданының тұрғындары тартылуда. Ондағы мақсат – аудандағы жұмыссыз жүрген жастарды еңбекпен қамтып, әлеуметтік жағдайын дұрыстауға атсалысу.
Мырзакент іргесіндегі тұрғын үй салу жұмыстарын ерте бастаған компаниялардың бірі – “Стройконсалтинг” ЖШС-гі. Бүгінде аталған компанияда 40-тан астам жергілікті құрылысшы еңбек етіп жатыр. Аталған құрылыс компаниясы бірінші кезеңде 10 үйдің құрылысын маусым айының аяғына дейін аяқтаймыз деп отыр.
“Біз бүгінде 10 үйдің іргетасын құю жұмыстарына дайындықты бастап кеттік. Салытанатын үй көлемі 100 шаршы метрді құраса, ені мен ұзындығы 11 -де 11 метр. Бүгін -ертең бетон құюға кіріскелі отырмыз. Құрылыс жұмыстарына қажетті қол күшін негізінен Мақтаарал ауданының тұрғындарынан тартып жатырмыз. Құрылысшыларға жалақы істеген жұмыс көлеміне сай әрі кезең-кезеңімен тоқтаусыз төленіп отыратын болады. Ең бастысы мақсат – құрылысты сапалы аяқтап, елдің ыстық ықыласы мен алғысына бөлену”, – дейді компания жетекшісі Талғат Оразұлы.
Мырзакент елді мекенінің тұрғыны Ердос та осында алғашқылардың бірі болып жұмысқа орналасыпты. Ол осындай қиын-қыстау кезде жергілікті тұрғын ретінде жақсы істің басы-қасында жүруді азаматтық борышым деп санайды.
“Үкіметіміз тасқын судан зардап шеккен мақтааралдықтарға арнап үй салып беріп жатқаны қуантады. Осы істің куәсі болып отырмыз. Осы ретте мен барлық Мақтаарал ауданының жұмыссыз жүрген жастарын құрылысқа атсалысуға шақырамын. Айлық уақытылы төленеді. Үш мезгіл тамағы да фирма атынан тегін қарастырылған. Ендеше үйде қарап отырмай Мырзакентіміздің өсіп-өркендеуіне бір кісідей атсалысайық”, – дейді Ердос Башаров.
Айта кетейік, Мырзакенттің шығыс бетіндегі 50 гектар аймаққа алдағы уақытта 500 тұрғын үй салынады деп жоспарлануда
.