Home Мәдениет ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ КЕСЕНЕСІНДЕГІ ЛАУХАЛАР ТАРИХИ ОРНЫНА ҚОЙЫЛДЫ

ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ КЕСЕНЕСІНДЕГІ ЛАУХАЛАР ТАРИХИ ОРНЫНА ҚОЙЫЛДЫ


ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің Қазандық бөлмесінде «Қасиетті лауханың жаңғырылуы» шарасы өтті.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларында көрсетілген басымдылықтар негізінде тарихи лаухаларды (тудың басы) орнатуға арналған шараға Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов, облыстық, қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Шара барысында қала басшысы Рашид Абатұлы тарихи маңызға ие жәдігерлерді қайта жаңғыртып, өз орнына орналастырған ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне алғыс білдірді.
-«Бүгін – өткенімізді қайта жаңғыртып, жоғалтқанымызды тапқан ерекше күн. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарымыздан бастап мұсылман әлеміне мәшһүр Ахмет есімімен әйгілі шайықтардың есімдері жазылған лаухалар Тайқазанның айналасына, яғни тарихи орнына қайта орнатылды. Төл жәдігерлерімізді, тарихымызды түгендеп, насихаттау болашақ ұрпақ үшін маңызды мұра болып қалары сөзсіз. Тарихымызды тану, жаңғырту жолындағы маңызды күнмен баршаңызды құттықтаймын»,-деді «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов.
Ежелгі түркі халықтарының ту ұстау, туды қадірлеп-қастерлеу дәстүрінің маңызы зор. Ту елдер мен тайпалардың ерлік, елдік дәстүрі мен татулығын, ынтымағын айғақтайды. Ал, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі лаухалардың да тарихтағы маңызы мен мәні зор.
«Жалпы сопылық тариқаттарда міндетті түрде ту болады және оның әр түрлі бағыттары мен тармақтары бар. Қабырхана алдындағы ту – тариқаттың туы. Ол -жалпы түркі халқының басын біріктіретін белгі. Ту көтерген жерде халық жиналады. Оны «мұрт аулау» деп атайды. Мұрт – муридтер деген мағына береді. Өздеріңіз білесіздер, бүгінгі көтерілген ту – Ясауи тариқатына тән ажырамас бөлшек. Себебі, Ясауи тариқатының құрылымдық жүйесі мен Қазақ мемлекетінің құрылымдық жүйесі бірдей. Әр тайпа мемлекеттің керегесін құрайды, яғни уық – билер институты, шаңырақ – хандық билік. Бұлардың қосындысынан киіз үй шығады. Бұл түркілік мемлекетті басқару жүйесі -көне дәуірден оғыз қағаннан келе жатқан жүйе»,-деді тарих ғылымдарының кандидаты, ясауитанушы Зікірия Жандарбек.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі Тайқазанды қоршай орналасқан он лауха жөнінде 1871-1872 жж. орыс саяхатшысы А.Л.Кунның альбомында және М.Е.Массон 1928 жылы Түркістанға арнайы келген сапарында: «Тайқазанның он құлағына жылқы қылымен ұшталған, кейбірі жарты ай секілді иіліп біткен, темірмен қапталған ұзын он лауха бекітілген» – деп жазады. 1935-1940 жылдары кесене қараусыз қалған тұста он лауха қолды болғандығы жайында деректер кездеседі. Ғалым П.Н.Ахмеровтің «Ахмет Ясауи мөрінің жазбасы» атты еңбегінде он лауһаларда және мөрде мұсылман әлеміне белгілі Ахмет есімімен әйгілі болған шайықтардың есімдері жазылғандығы айтылады. Олардың берілу тәртібі мынандай:

  1. «Ахмет (яғни Мұхаммед (с.а.у.)-Алланың елшісі».
  2. «Шайық Ахмет Ханбал».
  3. «Ахмет Хейрун-насаж» (тоқымашылардың ең үздігі).
  4. «Шайық Ахмет Аркам» (шұбар ала).
  5. «Шайық Ахмет Хазрави».
  6. «Шайық Ахмет Равия» (Равиялік).
  7. «Шайық Ахмет Мұхтар» (таңдаулы).
  8. «Шайық Ахмет Хами» (сақтаушы).
  9. «Шайық Ахмет Кабир» (ұлы).
  10. «Шайық Ахмет Сағари»-деп аталады.

Шараға қатысушылар «Қасиетті лауханың тарихы» көрмесін тамашалады.