Home Қоғам ӘКІМ ҚАЛА ҚҰРДАСЫН ҚАБЫЛДАП, ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ

ӘКІМ ҚАЛА ҚҰРДАСЫН ҚАБЫЛДАП, ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ

Қала әкімдігі ғимаратының Үлкен залында шаһар басшысы Гүлжан Құрманбекова Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, академик, Суретшілер одағының мүшесі және Арыс қаласы, Байырқұм ауылының тумасы Тілеуберді Бинашевті қабылдады.

Санитарлық талаптарды сақтай отырып ұйымдастырылған шараға қалалық мәслихаттың хатшысы Амантай Байтанаев пен әкімдіктің аппарат қызметкерлері және Арыс қалалық Ардагерлер ұйымының мүшелері қатысты.

Басқосуда Арыс қаласының 65 жылдығын атап өту мәселесі мен қаланың мәдени-тарихи нысандарын және ескерткіштерін сақтаудың жай-күйі талқыланды.

Қала әкімі осы бағытта қолға алынып жатқан жобалар туралы айта келе, қала іргесіндегі Сырдария елді мекені мен «Көктем» мөлтекауданында Ш.Қалдыаяқов пен А.Құнанбаев атындағы шағын саябақ ашу туралы ұсынысты көпшілік талқысына салды.

Ал өз кезегінде сөз сөйлеген Тілеуберді Мелдешұлы болса, Арыс қаласының логотипін заманауи талапқа сай жаңартатын сәт жеткенін атап өтті.

Мұндай бастамаға қолдау білдірген Г.Құрманбекова бұл мәселе қоғам талқылауымен шешілетіндігін еске салып, алдағы уақытта осы бағытта тиісті жұмыстар қолға алынатын болып шешім қабылданды.
Жиын соңында қала әкімі Гүлжан Мамытқызы Тілеуберді Мелдешұлының 65 жасқа толған мерейтойы құрметіне иығына шапан жауып, қошемет көрсетті.