Home Басты жаңалықтар Түркістандық кәсіпкер жылына 3000 тонна жеміс өңдеуде

Түркістандық кәсіпкер жылына 3000 тонна жеміс өңдеуде

Жеміс-жидекті өңдеп, оны нарыққа дайын өнім ретінде өткізу – мол табыстың көзі. Түлкібас ауданында аталған бағыттағы жұмыстар жүйелі жолға қойылған. Өйткені, мемлекеттік қолдаулар арқылы кәсіпкерлер тарапынан бұл бағытты дамытуға қызығушылық артып келеді. Бүгінгі таңда аудан аумағында үш ірі жеміс-жидек пен көкөніс өндейтін кәсіпорын жұмыс істейді. Солардың бірі Арыс ауылдық округіне қарасты «Арсен-ас» ЖШС-і. Жылдық қуаттылығы – 3 мың тонна. Аталған кәсіпорынның биылғы жеміс өңдеу маусымына дайындығымен танысу мақсатында аудан әкімі Нұрлан Байғұт арнайы іс-сапармен барған болатын. Серіктестік алма шырынын өндіреді. Аудан тұрғындарынан және агроқұрылымдардан жеміс-жидек дақылдарын қабылдап, қайта өңдейді. Биылғы күздік алма теру маусымында кәсіпорын 1 мың тонна алма қабылдап, одан 100 тонна алма шырынының концентратын шығаруды жоспарлап отыр. Алынған 100 тонна концентраттан 625 тонна дайын алма шырыны нарыққа жөнелтіледі.Карантин салдарынан жұмысын уақытша тоқтатқан кәсіпорын биыл күзгі өнімді қабылдауға дайын екендігін жеткізді. Қазіргі таңда алдын-ала келісім жасалған «Көктал» шаруа қожалығынан күзгі алмаларды күтуде. Айта кетерлігі, аудан аумағында жеміс-жидек, көкөніс өңдейтін «Мичурин-Алма Экспорт» және «Песня Лета» ЖШС-і жұмыс істейді.