Түркістанда 6 пәтер ұрлығына қатысы бар күдіктілер құрықталды. Тергеу барысында күдіктілердің жәбірленушілерге бірнеше миллион теңге көлемінде шығын келтірілгені анықталды.
Түркістан қалалық полиция бөліміне арызданған жергілікті тұрғын пәтеріне ұры түскені туралы айтқан. Терезе арқылы тұрғын үй ішіне кірген ұрылар, ақша мен алтын бұйымдарды қолды еткен. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабының 3-бөлігі “Ұрлық” бойынша СДТТБТ-ға тіркелді.
Тәжірибелі полиция қызметкерлерінен жедел-тергеу тобы құрылып, іске кірісті. Куәгерлерден сұрастыру, бейнебақылау камераларын тексеру жұмыстары жүргізілді.
Бір аптадан кейін, жедел-іздестіру іс-шарасы нәтижесінде Түркістан ҚПБ-ның қызметкерлері күдікті ретінде жергілікті екі тұрғынды құрықтады. Оның біреуі бұрын сотты болған. Тергеу барысында күдіктілердің 6 пәтер ұрлығын жасап, жәбірленушілерге бірнеше миллион теңге көлемінде шығын келтіргені анықталды.
Қазіргі уақытта аталған жайттар бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда.