Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай Ордабасы ауданына сапары барысында Шұбарсу ауылдық округінде болып, ел игілігіне берілген “Сервистік әкімдіктің” бүгінгі жұмыс барысымен танысты.
30 мыңға жуық тұрғыны бар ауылдық округте тиімді қызмет түрін көрсететін халықтық кеңсе ашықтық және қолжетімділік қағидатына негізделген.
Айта кетсек, ауыл тұрғындарының игілігіне берілген жаңа кеңсе ағымдағы жылдың 11 ақпан күні негізсіз әуре-сарсаңдар мен әкімшілік кедергілерді жою мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының негізінде ашылған болатын.
Ашық кеңістіктегі нысанда 5 дербес бөлімдер, атап айтсақ халыққа қызмет көрсету орталығы, жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, кәсіпкерлер бөлімі бойынша мемлекеттік қызмет түрі көрсетіліп, азаматтардың кедергісіз қызмет алуларына қолайлы жағдайлар қарастырылған.