Home Әлеумет ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДАҒЫ КҮЛТӨБЕ ҚАЛАШЫҒЫНДА АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ҚАЗБА ЖҰМЫСТАРЫ БАСТАЛДЫ

ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДАҒЫ КҮЛТӨБЕ ҚАЛАШЫҒЫНДА АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ҚАЗБА ЖҰМЫСТАРЫ БАСТАЛДЫ

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи – мәдени қорық-музейінің маңызды объектісі болып табылатын Күлтөбе қалашығында археологиялық қазба жұмыстары басталды.

«Күлтөбе қалашығының тарихи объектілерін қалпына келтіру» жобасы 2019 жылы бастау алып, 200 жуық жұмысшы жыл көлемінде көптеген маңызды объектілер мен жәдігерлерді зерттегені белгілі. Биылғы жылы тарихи орынды зерттеу, қайта қалпына келтіру жұмыстарына
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі мен облыстық, қалалық Жастар ресурстық орталықтарының басшылары арасында түзілген меморандумға сәйкес ерікті жастар да атсалысады.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты ЖШС қолға алған жоба «ERG» корпоративтік қорының қаржылай қолдауымен жүзеге асуда.

Жоба үш жылға, яғни 2019-2021 жылдарға жоспарланған. Қалашықтың жалпы аумағы – 27 га. Аталған аумақ әр жылға 9 гектардан бөліп қарастырылған.

2019 жылы археологиялық игеру жұмыстарын жүргізу үшін ең алдымен әртүрлі кезеңге жататын бірқатар археологиялық нысандарда топырақ қабаттарын тазарту жұмыстары жүргізілді. Түпнұсқалық кескінді қалпына келтіру үшін ежелгі Түркістан қалалық сәулет өнерінің маңызды архитектуралық үлгілері болып саналатын, ерекше қорғалатын нысандар анықталды. III-IV ғасырлардағы алтыннан жасалған әйелдердің зергерлік бұйымдары, ертедегі және орта ғасырдағы кремиканың түр-түрі, діни мазмұндағы ежелгі кітаптар (Құран кітабы болуы мүмкін) табылды. Жоба барысында табылған барлық құнды археологиялық олжа зерттеліп, каталогы жасалып, қалпына келтіріледі де (қажет болған жағдайда), мұражай коллекцияларының бір бөлігіне айналады.

Бұл табылған заттар Сармат-Каңлы дәуірінің (II-III ғасырлар) бұрын табылған ежелгі цитаделімен қатар, II-XIX ғасырлар аралығында Күлтөбе тарихи-мәдени ландшафтының негізгі төрт кезеңін нақты ажыратуға мүмкіндік береді. Археологиялық және тарихи-мәдени зерттеулерге сүйене отырып, Күлтөбе қалашығының дамуын мына кезеңдерге бөлуді ұсынуға болады: – ерте кезең (II-IV ғасырлар) – Сармат-Каңғы дәуіріндегі діни және рухани орталық; – екінші кезең (VII – IX ғасырлар) – түркі дәуіріндегі кішігірім қоныс; – үшінші кезең (Х – ХІІІ ғасырлар) – ортағасырлық кезең (қалалық мәдениеттің дамуы және Қожа Ахмет Ясауи дәуірі); – төртінші кезең (XVI – XIX ғасырлар) – Қазақ хандығының кезеңі (маңызды саяси және экономикалық орталық, мәдениеттердің тоғысуы, Түркістан – Қазақ хандығының астанасы, қазақ-жоңғар соғыстары кезінде құлдырап кеткен толыққанды қалалық инфрақұрылым).

2020 жылы археологиялық зерттеулерге сәйкес №2 учаскеде тиісті жұмыстар жүргізіледі.

Айта кетсек, Күлтөбе қалашығына алғашқы археологиялық зерттеу жұмыстары 2010 жылы белгілі қазақстандық ғалым Ерболат Смағұловтың (1952-2019) бастамасымен жүргізіле бастаған. Кейін археологтар Күлтөбе – Ясы (Түркістан) қаласының ең ежелгі бөлігі екенін анықтаған. Біздің заманымызға дейінгі бірінші ғасырға жататын ғибадатхана мен бірқатар архитектуралық құрылымдардың табылуы Ясы қаласының тарихын тағы мың жарым ғасырға ұзартып, Ұлы даланың тарихы мен мәдениетін қалыптастыратын аспектілерді қайта қарауға алып келді. 2017 жылы нысан ғалымдардың назарын өзіне аудартып, Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының басшылығымен шағын ғылыми жоба аясында қолға алынды. Ал 2019 жылы ERG-дің қаржылай қолдауымен қалашық толыққанды зерттеле бастаған.