Home Әлеумет ҚАРТТАРЫМ – АСЫЛ ҚАЗЫНАМ

ҚАРТТАРЫМ – АСЫЛ ҚАЗЫНАМ


Дана халқымызда «Қарты бардың – қазынасы бар» деген қанатты сөз бар.
Үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету – ата-бабадан келе жатқан салтымыз.
Осыған сәйкес, елімізде жыл сайын 1-қазан Қарттар күні аталып өтеді.
Талай сыннан сүрінбей өткен, берекелі бірлігі бар «Тоғыз жолдың торабы атанған» Арыс елінің ардагерлері шаһарымыздың өсіп-өркендеуіне, экономикалық және әлеуметтік тұрғыда дамуына өз үлестерін қосуда.
Бүгінде елдің жүгін қара нардай көтерген алдыңғы толқын ағаларымыз, жұртшылықты айрандай ұйытып отырған ақ жаулақты аналарымыз, еңбегінің зейнетін көріп отыр.
Халқымыздың жарқын болашағына бүкіл саналы ғұмырын арнаған қарияларымызға құрмет көрсету мақсатында, қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Д.Егізбаев пен «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы М.Сарыпбекова Еңбек ардагерлері А.Сағымбаева, Д.Амиркенова, А.Кудрин, М.Қожабеков пен А.Құлмұрзаевалардың шаңырағында болып, мерекемен құттықтап сый-құрмет көрсетсе, аудандық аурухана қызметкерлері денсаулықтарын бақылап, қажетті көмектерін көрсетті.
Қарияларымыз еліміздің аман, жұртымыздың тыныш болып, ашық аспан астында бейбіт өмір сүрулеріне тілектестіктерін білдіріп, ақ баталарын берді.
Ел игілігі жолындағы келелі істер алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.