Home Uncategorized Түркістандағы балалар үйіне жаңа жоба таныстырылды

Түркістандағы балалар үйіне жаңа жоба таныстырылды

Төлеби ауданындағы «Төлеби отбасы үлгісіндегі балалар ауылы» мекемесіне Израиль мемлекетінің Қазақстан Республикасындағы елшісі Лиат Вексельман ханым арнайы іс-сапармен келді.

Елші жанына «Нетафим» компаниясының өкілі Станислав Медведевті ертіп келіп, тамшылатып суару әдісінің мүмкіндіктері жөнінде әңгімеледі. Кездесуге Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рахымбек Жолаев, Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев қатысты. Л.Вексельман Түркістан облысына сапарын облыс орталығынан бастап, Түркістан қаласындағы М.Әбенов атындағы мектепке барып, білім ордасына ноутбуктар табыстады. Кейіннен Төлеби отбасы үлгісіндегі балалар ауылына келіп, Израиль технологиясымен тамшылатып суару жүйесін орнатуға демеушілік көрсетті.

“Қазақстан Республикасындағы Израиль мемлекетінің Елшілігінің бастамасымен «Нетафим» компаниясы Төлеби отбасы үлгісіндегі балалар ауылына тамшылатып суару жүйесін сыйға тартуды жөн көрдік. Балаларды еңбекке баулып, олардың көкөніс өнімдері мен жемістерді өз қолымен баптап өсіріп, табиғи таза өнімдерді тұтынуына жол ашу мақсатында осы әдісті орнатуға демеушілік етіп отырмыз. Тәрбиеленушілердің агроном мамандығына қызығушылығы да артады. Олар ертең бұл үйден кеткен соң, үлкен өмір жолына түседі. Балалар кішкентайынан жерді күтіп-баптап, дихан жұмысын терең меңгерсе, еш қиналмай өзіне жұмыс табады”,- дейді Лиат Вексельман.