Home Uncategorized ОБЛЫСТЫҚ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АЛҚА МӘЖІЛІСІ ӨТТІ

ОБЛЫСТЫҚ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АЛҚА МӘЖІЛІСІ ӨТТІ

Бүгін, Түркістан қаласындағы Р.Сейтметов атындағы сазды-драма театрында Түркістан облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының алқа мәжілісі өтті. Келелі басқосуға барлық аудан, қаладағы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен мәдениет үйлері, музейлер мен кітапхана, тілдер орталығының басшылары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Жиында  Облыстық мәдениет және тілдерді дамыту  басқармасының 2018 жылы атқарған жұмыстары мен алда тұрған міндеттері туралы басқарма басшысының орынбасары Асылхан Темірханұлы баяндама жасады. Басқарманың жыл көлемінде атқарған жұмыстары, жетістіктер мен шешілуі тиіс мәселелер, алдағы жоспарлар жөнінде мәлімдеген Асылхан Темірханұлы биыл  Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының 50 жылдық мерейтойы аталып өтетінін жеткізді.
Сонымен қатар, Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының директоры, суретші Бақыт Сраилов Түркияның Адана мемлекеттік театры саханалайтын Шыңғыс Айтматовтың «Қызыл орамал шынарым» спектаклінен қоюшы-суретші ретінде шақырылғаны айтылды.
«Жаһандық заманауи Қазақстандық мәдениет» бағыты бойынша облысымыздың мәдениеті мен өнерін шетелдерге таныстыру мақсатында облыс өнерпаздары «Кастамону – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының аясында Түркия Республикасының Кастамону, Анкара, Ыстамбұл қалаларында, Жапонияда және 6 балкан мемлекетінде  18 концертке қатысқан.
Сонымен қатар, есепті мерзімде облыс өнерпаздары  Финляндия, Швеция, Эстония, Ресей, Италия, Грузия, Түркия, Молдова, Қырғызстанда өткен түрлі жанрдағы халықаралық байқаулар мен фестивальдерге қатысып, жүлделі орындардан көрінді.
«Түркістан» сарайының «Фараб» би ансамблі Түркия мемлекетінің Иниголь қаласында өткен халықаралық «Мәдениет және өнер ұжымдары» конкурсында І орынды иеленсе, Бурса қаласында өткен 32-ші халықаралық «Алтын Қаракөз» конкурсында арнайы жүлдемен марапатталған.

Биыл Түркістан облысының Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына қарасты  концерттік ұйымдар аудандар мен қалалар, ауылдарға, облыстарға, Өзбекстан,  Қырғызстан, Қытайға 20-ға жуық гастрольдік іссапарлар ұйымдастыруды және Италия, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресейде өтетін өнер фестивальдері мен іс-шараларға қатысуды жоспарлануда.
–  Есепті жылы «Оңтүстікфильм» мекемесі «САҚ» киностудиясымен бірлесе «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Ордабасы бірліктің туы», «Оқсыз», «Түркістан» анимациялық фильмдерін, «Төле би» 10 сериялы тарихи телехикаясын түсірді.
          Сонымен қатар, өткізілген түрлі іс-шараларға 668 деректі фильм мен бейнематериал дайындап, жастар мен балаларға 128 көрсетілім ұйымдастырып, оған 25 134 көрермен қамтылды.
Сонымен қатар, өткен жылы түсірілген «Күш атасы − Қажымұқан»,  «Киелі Қазығұрт», «Отырарды қорғау»  анимациялық фильмдері мен «Көне жетігеннің сыры» телесериалы облысымыздың барлық аудандары мен қалаларында және жергілікті телеарналар мен «Хабар», «Асыл арна» телеарналарынан көрсетілді.
  2019 жылы «Оңтүстікфильм» мекемесі  аудан, қалаларда Түркістанда түсірілген анимациялық және көркем фильмдердің апталығын өткізуді және «Ахмет Яссауи» телесериалын, «Әл-Фараби» көркем фильмін және «Қамбар батыр», «Сауран қалашығы» анимациялық фильмдерін түсіруді жоспарлап отыр”,- деді Асылхан Темірхан.

Облыстағы 24 музейде 12868 экскурсия,1047 көрме, 821 көпшілік іс-шара ұйымдастырылып, 1 965 946 келушілер қамтылды. 7268 дана жаңа экспонат жинақталып, жалпы қор 164106 данаға жеткен.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында облыстық музейлер мен кітапханаларда бірлескен жобалар жасалып іске асырылған. Атап айтқанда, «Халық мұрасы – халық қазынасы», «Тарихи қазыналар», «Есімі елімен бірге жасаған», «Ата – баба мұрасын сақтайық», «Туған өлкем тарихы», «Ұлттық әшекей бұйымдары», «Отырар мұралары» жобалары аясында түрлі іс-шара  өткізілген.
Облыстағы 387 кітапханада 16317 көпшілік іс-шара ұйымдастырылып,  оқырмандар саны 467863 адамды құрап, 110 714 дана жаңа кітаптармен толықтырылып,  кітап қоры 5 млн. 668 мың данадан асыпты.
«Ең көп оқылатын 100 кітап», «Алтын қорға үлес қос», «Кітапханаға сый» акциялары ұйымдастырылып 9765 дана кітап кітапханалардың қорына сыйға берілген.
     «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында бүгінгі күні кітапханалардың электрондық кітап қоры 22 751 данаға, цифрлы форматқа көшірілген құжаттар саны – 1867 данаға жетіп отыр.
Халыққа қазіргі заман талабына сай кітапханалық қызмет көрсету мақсатында «Нұр Отан» партиясының  жобасына сәйкес Арыс, Кентау, Түркістан қалалары мен Түлкібас, Ордабасы, Сарыағаш ауданының орталықтандырылған кітапханалар жүйесінен коворкинг орталықтары ашылып,
Халыққа қазіргі заман талабына сай кітапханалық қызмет көрсету мақсатында  Бәйдібек, Созақ, Отырар, Төлеби, Қазығұрт, Жетісай, Мақтаарал, Келес, Шардара аудандарынан және 3000-нан жоғары халқы бар ауылдық кітапханалардан коворкинг орталықтарын  ашу жоспарлануда.

Ал, өңірімізде тарих және мәдениет үшін айрықша маңызы зор археология және сәулет ескерткіштерінің саны –1249. Оның ішінде халықаралық маңызы бар 1 ескерткіш (Қожа Ахмет Яссауи кесенесі), республикалық маңызы бар 26 (19 сәулеттік, 7 археологиялық), жергілікті маңызы бар 426 (52 сәулеттік, 374 археологиялық), алдын-ала есепке алу тізімінде 796 (оның 125 сәулеттік, 671 археологиялық) тарихи-мәдени мұра объектілері бар.
Жиында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдері мен театр, кітапхана, музей сынды бірқатар мекемелердің басшылары жұмыс барысы мен жетістіктерге тоқталып,  ұсыныс-тілектерін де жеткізді.
Алқа мәжілісін қорытындылаған Түркістан облысының Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Нұрдәулет Еркінұлы қандай да болмасын іс-шараның санына емес, сапасына мән беріп, мазмұнын жүйелеу қажеттігін айтты. Алдағы күндері әрбір мекеме мен аудан, қалаларды аралап, қызметкерлермен тілдесе отырып, жұмыс барысымен танысу, қордаланған мәселелерді бірлесе шешу жолдары қарастырылатынын жеткізді. Сонымен қатар, Ұлыстың ұлы күнін тойлау бойынша жаңа бастамалар негізінде белсенді түрде ұйымдастыру жұмыстарын қолға алу бойынша тапсырмалар жүктеді.
Айта кетсек, бүгінгі таңда Түркістан облысында  678 мәдениет және өнер мекемесі халыққа мәдени қызмет көрсетеді. Оның iшiнде 387 кiтапхана, 251 клуб, 24 музей, 3 кәсіби театр, 7 саябақ, 2 орталық, 1 облыстық филармония, 1 көркемсурет галереясы, 1«Оңтүстікфильм» мекемесі, 1 «Түркістан сарайы» концерттік мекемесі бар.