Home Басты жаңалықтар САУРАН АУДАНЫНДА 1800 ШАРШЫ МЕТРЛІК КӨПСАЛАЛЫ СПОРТ КЕШЕНІ АШЫЛДЫ

САУРАН АУДАНЫНДА 1800 ШАРШЫ МЕТРЛІК КӨПСАЛАЛЫ СПОРТ КЕШЕНІ АШЫЛДЫ

Спорт пен салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында 23 ақпанда Сауран ауданында заманауи көпфункционалды спорт кешені ашылды.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлерде бұқаралық спортты және спорттық инфрақұрылымды дамыту үшін жағдай жасаудың маңыздылығын бірнеше рет атап өтті. Осы тапсырмалар аясында «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры Сауран ауданының Орангай ауылдық округінде жалпы ауданы 1800 шаршы метр болатын кешен ашты.

«Мықты және дені сау жас ұрпақты тәрбиелеу-еліміздің әлеуметтік саясатының басты міндеттерінің бірі. Біздің ауданда жаңа заманауи спорт ғимараттары мен кешендерінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Салауатты өмір салтын насихаттау бастамасын қолдаймыз», – деді Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбеков ашылу салтанатында.

Жаңа спорт кешеніне мини-футбол, волейбол, баскетбол және теннис алаңдары, күрес кілемі, бокс рингі және екі жолақты жүгіру жолдары кіреді. Ауыл тұрғындарына ыңғайлы болу үшін шешінетін бөлмелер мен жанкүйерлердің жылжымалы трибуналары орнатылды.

Сондай-ақ, кешен барлық қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған: шағын футбол, баскетбол доптары, теннис ракеткалары және шарлар.

Спорт кешені ауа райына қарамастан жыл бойы жұмыс істейтін болады. Бұл екі қабатты ауа өткізбейтін мембранамен жабылған, анкерлік жүйенің көмегімен негізге бекітілген, сорылатын және сығылған ауамен қамтамасыз етілген спорт алаңы. Бұл дизайн қыста жылуды және жазда салқындықты сақтауға мүмкіндік береді.

Кешенде мәдени-бұқаралық іс-шаралар мен түрлі деңгейдегі спорттық жарыстар өткізу жоспарлануда.

Бұған дейін Түркістан облысында бұқаралық спортты дамыту үшін «Samruk-Kazyna Trust» қоры 5 әмбебап балалар спорт алаңын орнатқан болатын.

Сондай-ақ ашылу салтанатында еркін күрес түрінен білікті жаттықтырушы Аханов Дәулетбек Советұлын еске алуға арналған жастар арасында еркін күрестен және кіші футболдан ашық біріншілік өтті.

Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі