Домой Спорт ТҮРКІСТАН БАЛУАНДАРЫ БЕЛБЕУ КҮРЕСІНЕН ЕЛ ЧЕМПИОНАТЫНДА ТОП ЖАРДЫ

ТҮРКІСТАН БАЛУАНДАРЫ БЕЛБЕУ КҮРЕСІНЕН ЕЛ ЧЕМПИОНАТЫНДА ТОП ЖАРДЫ

Түркістан облысының жоғары шеберлер мектебінің талантты ізбасарлары белбеу күресінен ересектер арасында өткен Қазақстан чемпионатында топ жарды. Биыл кең ауқымды түрде ұйымдастырылған республикалық жарыста Түркістан облысының балуандары командалық есепте бас жүлдені қанжығаларына байлады. Білікті басшы Нұрмахан Мелдеханов жетекшілік ететін облыстық жоғары шеберлер мектебінің шəкірттері 3 -алтын, 4 — күміс, 4 — қола медаль жеңіп алып, көпшілікті қуантты. Жүлделі екінші орынды Қызылорда облысының құрамасы иеленсе, үшінші орыннан Қостанай облысының спортшылары көрінді. Елімізге танымал бапкер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Қуат Байхожаев баптайтын облысымыздың балуандары бұл тартысты жарысқа жан-жақты дайындықпен барыпты. Ақтөбе қаласында 23-28 наурыз аралығында аяқталған кезекті Қазақстан чемпионатына еліміздің кілең тəжірибелі балуандары қатысып, шеберліктерін көрсетті. Боз кілемде 82 келі салмақта облыс намысын қорғаған жерлесіміз Ернар Байжігіт жеңімпаз атанды. Сонымен қатар, талай қарсыластарын күресте жеңіп келе жатқан түркістандық тағы бір балуан Айдос Құлманбетов 90 келі салмақта өнер көрсетті. Айдос та Қазақстан чемпионатында алтын медаль иеленіп, жеңіс тұғырынан көрінді. Ал, 75 келідегі болашағы жарқын Дəурен Дамен мен 82 келіде сынға түскен түркістандық Аян Ермекбаев күміс жүлдегер атанды. Ауыр салмақта белбеу күресінен өзінің бағын сынаған Мейірбек Байжігіт қола жүлдені иеленді.