Домой Басты жаңалықтар Түркістанда ақиқаттың алдаспаны Мағжан Жұмабаевтың өмірі жайлы қойылым сахналанды

Түркістанда ақиқаттың алдаспаны Мағжан Жұмабаевтың өмірі жайлы қойылым сахналанды

Бүгін саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Р.Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды драма театрында Д.Исабековтің «Өйтпесе Мағжан болама?» спектаклі сахналанды.

Қойылымда Алаштың арысы, ақиқаттың алдаспанына айналған қазақ халқының мақтанышы, ел болашағының  тұтқасы жалынды жастарға зор сенім артқан дарынды ақын Мағжан Жұмабаевтың жастық шағынан бастап өмірінің соңғы кезеңіне дейінгі өмір жолы, абақтыдағы азапты ғұмыры мен жұбайы Зылихаға деген адал махаббаты суреттелді.

Мағжан Жұмабаевтың рөлін  Ғалымжан Жакипов сомдаса, Зылиха Жұмабаеваны  Кәмшат Аштекова ойнады. Қойылымның режиссері – Айдар Наурызбаев.

Жиынға Түркістан облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Нұрдәулет Исабек, зиялы қауым өкілдері мен мәдениет саласының қызметкерлері, қала тұрғындары және жастар қатысып, ұлт зиялыларының  жарқын болашақты көксеген қарбалас тарихы мен тәлкекке толы тағдыры туралы тебірене тамашалады.

-« Қойылымның соңына дейін Мағжан Жұмабаевпен бірге өмір сүргендей әсерге бөлендім. Көзімнен жас кетпеді. Қазақтың еңсесін тік көтерер қаншама асыл азаматтарымыз жазықсыз құрбан болып, жапа шеккеніне өкінесің. Әйелдердің мықтылығына сүйсінесің. Абақтыда жатқан Мағжанға күн-түнге қарамай әрең жеткен жары Зылиханың сонда да қиындыққа мойымай «Қамыс ішінде батпағына аунап жетсем де жарыма деген адал махаббат сол жолды жұмаққа келе жатқандай күйге бөлейді» деп айтқан сөздерінің өзінде тұнып жатқан даналық пен тектілік жатыр. Кітаптан мақұрым болып бара жатқан бүгінгі қоғамның жастары осындай қойылымдардан үлгі алуы керек»,-деді ҚР Мәдениет қайраткері, зейнет жасындағы мәдениет майталманы Ұлжалғас Әбенқызы.  

Ақынның өмірі, елдің тағдыры, ұлт зиялыларының бастан кешкендері мен бір-біріне деген қолдауы, ер мен әйел арасындағы адал махаббат баян етілген қойылым «Әлдиле, өлім, әлдиле» деген жарының өлеңін соңғы рет қайталай отырып, шындық пен сағынышты көкірегінде қаттаған Зылиха ананың өлім құшағына енуімен аяқталды.

Қойылымнан ерекше әсер алған көрермендер театр ұжымына алғыстарын білдірді.