Домой Мәдениет ТҮРКІСТАНДЫҚ ҰЛТ-АСПАПТАР ОРКЕСТРІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӨНЕР ДОДАСЫНДА БІРІНШІ ОРЫНДЫ ИЕЛЕНДІ

ТҮРКІСТАНДЫҚ ҰЛТ-АСПАПТАР ОРКЕСТРІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӨНЕР ДОДАСЫНДА БІРІНШІ ОРЫНДЫ ИЕЛЕНДІ

Ш. Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның «Сүгір» атындағы қазақ  ұлт-аспаптар оркестрі халықаралық өнер додасында бірінші орынды иеленді.
Ақтөбе облысы әкімдігінің қолдауымен Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы Ақтөбе қаласының 150 жылдығы, Ғ.Жұбанова атындағы  облыстық филармонияның 75 жылдығына орай «Жұбановтар әуені – 2019» Халықаралық Ұлт аспаптар оркестрлер мен ансамбльдердің фестиваль-байқауын ұйымдастырған болатын.
қазақ кәсіби музыкасының негізін қалаушы , академик Ахмет Жұбановтың туған күнімен тұспа-тұс келген дәстүрлі шараға 5 мемлекеттің және өз еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған кәсіби музыканың хас шеберлері қатысты. Атап айтқанда, Тәжікстан Республикасынан «Чоргох» квартеті, Қырғызстанның Бішкек қаласының ансамблі, Түркияның «Анадолы» триосы, сондай-ақ, Нұр- сұлтан, Шымкент, Жамбыл, Қызылорда, Шыңғырлау, Алматы және Ақтөбе қалаларының ұлт-аспаптар оркестрлері мен ансамбльдерден құралған 180 өнер ұжымы бақ сынады. Фестивальге қатысушылар Жұбановтар дүниеге келген қасиетті топырақта қолтаңбаларын қалдыру  мақсатында Өнер орталығының алдына жасыл-желек отырғызды.
  Ресей Федерациясының халық артисі Александр Цыганков қазылар алқасына төрағалық етсе, Түркия және  отандық музыкатанушылар да төрелік етіп, ұлттық өнерлерді сарапқа салды.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың  «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларындағы бағдарламаларды жүзеге асыру мақсатында өткізілген фестивальде түркістандық өнер ұжымы А.Жұбановтың «Қазақ маршы»,  Ғ.Жұбанованың «Мерекелік увертюра», Сүгірдің «Шалқыма»,  Н.Бейсеқожаевтың «Нұрлы жол» шығармаларын және В.А.Моцарттың «Свадьба Фигаро», Демшинканың «Веселые ковбой» туындыныларын орындап, үздік деп танылды.
Байқау нәтижесі бойынша бас жүлде Ақтөбе облыстық филармониясының А.Жұбанов атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі мен Қызылорда облыстық филармониясының «Ақмешіт» фольклорлық ансамбліне бұйырды. Ал бірінші орынды Нұр-Сұлтан қаласынан келген  «Астана сазы» фольклорлық ансамблі мен Түркістан облысының Сүгір атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі және Қарағандының Тәттімбет атындағы академиялық халық аспаптары оркестрі алды. Екінші орынды К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының қазақ ұлт аспаптар оркестрі, Қырғызстаннан келген «Қырғыз» ансамблі, сондай-ақ Алматы облысынан келген «Құлансаз» фольклорлы-этнографиялық ансамблі иеленсе, үшінші орынды Түркияның Стамбұл қаласынан келген «Анадолы» триосы мен Тәжікстанның Душанбе қаласынан келген «Чоргох» тобы және А.Жұбанов атындағы музыкалық колледждің халық ұлт аспаптар оркестрі бөлісті.
Фестивальға қатысушылар «Үздік солист», «Үздік дирижер», «Үздік вокалист» номинацияларымен де марапатталды.
Айта кетсек, Ш. Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның «Сүгір» атындағы қазақ ұлт-аспапатар оркестрі 2002 жылы құрылған.
     2008 жылы облыстық ғылыми тәжірибелік конференцияда профессор Өтеген Ғұбайдулиннің ұсынысымен оркестрге дәулескер күйші-композитор, шертпе күйдің шебері Сүгір Әліұлының есімі берілген.
     Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның «Сүгір» атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі М. Маңғытаев, Б. Төлегенова, Н. Нүсіпжанов,    Н. Үсенбаева, М. Мұхамедқызы, Б. Бөкенов, Т. Күзенбаев, Т. Бурмистрова сынды қазақ өнері майталмандарының концерттерін сүйемелдесе,  Ж. Бегендіков, Д. Ғылымов, А.Жүдебаев, Е. Ахмедияров тағы да басқа танымал өнер шеберлері түрлі өнер фестивальдарда аталған оркестрге дирижерлік етті.
     Қазіргі таңда оркестр құрамында 45 әртіс жұмыс жасауда.
     Оркестрдің бас дирижері халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты — Ерлан Дәуренбеков.