Түркістан облысының бір жылдығы мерекесі аясында 18 маусым күні «Төле би» телехикаясының тұсауы кесілді. Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ Мәдениет орталығында өткен іс-шараны Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Исабек Нұрдаулет Еркінұлы ашып беріп, облысымызда кино өнеріне зор үлес қосып жүрген өнер майталмандарына алғыс білдіріп, «Төле би» тарихи фильмінің тұсаукесер көрсетілімімен барша көрерменді құттықтады. Сонымен қатар, елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында осы көркем фильм мен анимациялық фильмдердің көрсетілімі жоғары деңгейде өткенін баяндады. «Бұл «САҚ» киностудиясы мен «Оңтүстікфильм» КММ-нің бірлесіп түсірген бірінші және соңғы фильмі емес. Тек облысымыздың мақтаныштары ғана емес, сонымен бірге еліміздің мәдениет саласына, оның ішінде кино өнерінің тың идеяларымен жаңаша дамуына үлкен еңбек қосуда. Шығармашылық табыстар тілеймін. Осындай жаңа дүниелермен кино-фильмдер қоржынын толтыра беріңіздер» деді басқарма басшысы.

Іс-шараға ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, жазушы, кинорежиссер, киносценарийші, ҚР мемлекеттік сыйлығының, тәуелсіз «Тарлан» және Француз киноакадемиясы сыйлықтарының лауреаты, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, «ТӨЛЕ БИ» ФИЛІМІНІҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ — САТЫБАЛДЫ НАРЫМБЕТОВ, «Төле би» филімінің сценарисі, жазушы — Шойбек Орынбай, фильмнің бас режиссері Дәуренбеков Батырхан, Төле би рөлін сомдаған — Сағындық Жұмаділ, Төле бидің жігіт кезін сомдаған талантты актер — Абзал Төлен, тағы да басқа барлық актерлар, «Төле би» фильмінің түсірілім тобы, «САҚ» киностудиясы қатысты.
Шара соңында басқарма басшысының орынбасары Асылхан Темірханұлы бірқатар өнер иелерін Облыстық мәдениет басқармасы басшысының алғыс хатымен марапаттады.

Көрермендер осындай фильмнің жарыққа шыққанына мәз боп тарқасты.