Домой Мәдениет ТҮРКІСТАН: «ХАЛЫҚ ЖАЗУШЫСЫ СӘУІРБЕК БАҚБЕРГЕНОВ ОҚУЛАРЫ» ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

ТҮРКІСТАН: «ХАЛЫҚ ЖАЗУШЫСЫ СӘУІРБЕК БАҚБЕРГЕНОВ ОҚУЛАРЫ» ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

Сәуір айында дүниеге келген, Қазақстанның Халық жазушысы Сәуірбек Бақбергеновтің 100 жылдығына орай өткен жылдың сәуір айында басталған мәдени-көпшілік шара Халық жазушысының дүниеге келген Созақ ауданы, Аққолтық ауылындағы Шоқан Уәлиханов атындағы жалпы орта мектебінде бүгін өз мәресіне жетті. Аталған білім ұясында өткен жылы жоспарланған «Сәуірбек оқулары» еліміздегі карантин жағдайына байланысты бірнеше рет уақыты кейінге шегерілген болатын. Алайда, мезгілдің мінберінен шығып кететін болғандықтан Сәуірбек оқулары аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің жоспарымен, осы бөлімнің жанындағы әдістемелік кабинеттің ұйымдастыруымен «ZOOM» тәртібінде аудан мектептерімен байланыса отырып, талантты, көркем әдебиетке жақын, пән апталықтарының жеңімпаз оқушыларының қатысуымен өткізілді. Шоқан Уәлиханов мектебінде өткен «Сәуірбек оқулары» ережеде көрсетілген екі бағыт бойынша екі аудиторияда қатысушылар мен олардың жанкүйерлерінің көз алдында, ашық онлайын түрде жүргізілді.Бірінші бағыт бойынша, «Сәуірбек Бақбергеновтің шығармашылығы» негізінде жазушы шығармаларынан үзіндіні мәнерлеп оқу және шығармаларына қатысты сұрақ-жауаптар бойынша өтсе, Екінші бағытта «Сәуірбек Бақбергеновке арнау» тақырыбында оқушылар өздерінің жазушыға арнаған өлеңдерін оқып, одан соң «Тірек сөздер сөйлейді» айдарымен берілген жалғыз ауыз сөзге қатысты өлең құрастыру, оқушының шын шеберлігін анықтау шеңберінде өтті.Сәуірбек оқуларына әдебиетші ұстаздар Дидар Баяндиева, Салтанат Момбекова, Қарлыға Мұқатова, әдістемелік кабинеттің әдіскері Меруерт Сүттібаевалар қазылық жасады. Әдістемелік кабинеттің меңгерушісі Бақытжан Сүйгенбаев сырттай басшылық жасап, шараның тиісті дәрежеде өтуіне белсенділік танытты. Байқаудың мақсатында көрсетілгендей Қазақстанның Халық жазушысы Сәуірбек Бақбергеновтің шығармашылығына оқушылардың жүйелі түрде қызығушылығын арттыру, жазушының рухани мұрасын, өмірі жайлы мәліметтерді игере білу, насихаттау, жас буынның зияткерлік пайым-парасатын арттыру, «Бұлақ көрсең көзін аш» деген ұлықты сөзді арқау ете отырып, дарынды жастарды қолдау болатын. Байқау өз деңгейінде өтті .Бірінші бағыт бойынша барлығы 15 мектептен қатысқан он бес оқушының ішінен бірінші орын С.Бақбергенов атындағы жалпы орта мектебінің оқушысы Әдімхан Қарақатқа бұйырса, Ы.Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебінің оқушысы Әбубәкір Бексұлтан екінші орынды, Ш.Уәлиханов атындағы жалпы орта мектебінің оқушысы Жақан Назерке үшінші орындарды иеленді. А.Байтұрсынов атындағы жалпы орта мектебінің оқушысы Фарид Диана, Әлия Молдағұлова атындағы жалпы орта мектебінің оқушысы Нұрша Талшын мен І.Кеңесбаев атындағы жалпы орта мектебінің оқушысы Алуа Досалы есімді оқушылар арнайы Алғыс хаттармен, бағалы заттармен марапатталды. Жалпы барлық оқушылар бұл оқуда белсенділік танытып, соңғы іріктеуге дейін айшықты өнерлерін көрсете білді. «Сәуірбек оқуларының» өтуіне демеушілік жасаған Шоқан Уәлиханов атындағы жалпы орта мектебінің ұжымына және ауыл азаматы, мектеп түлегі, жеке кәсіпкер Бәйнеев Қайрат Жолдасұлына алғыс білдіреміз. Екінші бағыт бойынша қатысқан оқушылардың ішінен Панфилов атындағы жалпы орта мектебінің оқушысы Төрежан Ерасыл бірінші орынды, Ш.Уәлиханов атындағы жалпы орта мектебінің оқушысы Әлі Жанерке екінші орынды, Құрманғазы атындағы жалпы орта мектебінің оқушысы Берден Ақниет үшінші орынды иеленіп, Асқар Сүлейменов атындағы жалпы орта мектебінің оқушысы Берік Дидар, Созақ мектеп гимназиясының оқушысы Орынтай Айғаным мен Ы.Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебінің оқушысы Құлмағанбет Зейнеп арнайы Алғыс хаттармен, бағалы заттармен марапатталды. Құттықтаймыз! Алдағы уақытта бұл танымдық тартымды шара өз жалғасын табатын болады. Келесі оқу жылында бұл шараны дәстүрлі негізде халық жазушысының есімін иеленген Шаға ауылындағы Сәуірбек Бақбергенов атындағы жалпы орта мектебінде өткізуге деген құлшыныс бар. Ол шараға да алдағы күндерден бастап даярлық жұмыстары басталатын болады,-деді әдістемелік кабинеттің меңгерушісі Бақытжан Сүйгенбаев.Жалпы, алдағы уақытта ескере кететін бір жайт, барлық деңгейдегі оқуларды бұрынғы ескі сарында өткізбей жаңа мазмұнда, бүгінгі заманауи техникаларды, жаңаша әдістерді пайдалана отырып, ақын- жазушылардың өмір жолы мен шығармаларына ғылыми тұрғыда зерттеулер жасау арқылы тұлғаның жаңа бейнесін зерделеуді қолға алатын болсақ бұл шараның оқушыларға берері мол болар еді. Өйткені қатысушы оқушылардың барлығы бірдей ақын-жазушылық саланы құлай таңдамағандықтан, әр мектептің атынан «міндетті қатысу» сатысында жүрген сыңай танытады. Бұл пікірімді де алдағы уақытта басқа да оқуларды ұйымдастырушылар ескерсе екен деген ниет бар. Шара барысында халық жазушысының мерейлі жылына орай С. Бақбергенов атындағы жалпы орта мектебінің бастамасымен шығарылған «Созақтың Сәуірбегі» атты кітабы мектептің кітапханасына сыйлық ретінде тарту етілді.