Домой Мәдениет ТҮРКІСТАН: ҚАЛАНЫҢ ТАРИХИ ТУРИЗМ ӘЛЕУЕТІ ЖОҚ

ТҮРКІСТАН: ҚАЛАНЫҢ ТАРИХИ ТУРИЗМ ӘЛЕУЕТІ ЖОҚ

Түркістан қаласының тарихи туризмінің басты нысаны ретінде 1991 жылдың 1 қаңтарынан бастап, Республикалық музей ретінде құрылған «Мемлекеттік тарихи-мәдени Әзірет Сұлтан қорық музейін» айтуға болады. Тарихи музей қорына Қазақ хандарының зираттары, ұлы астроном, ғалым Ұлықбектің қызы Рәбия Сұлтан Бегім мазары, ортағасырлық «Шығыс моншалары», Жер асты мешіті, т. б тарихи нысандарды жатқызуға болады. Ескі Күлтөбе қаласы, ортағасырлық Түркістан қалаларының қазіргі орны, қала басындағы тарихи музейлер мен тарихи мәдени орталықтар – туристерді өзіне шақыра алатын нысандар. Саяхат сапары Күлтөбе қаласынан бастау алады. Өйткені Күлтөбе – қазіргі Түркістан қаласының ескі орны. Бүгінгі таңда ескі қаланың жоғарғы қабатының тарихи белгілері бұзылған. Бірақ саяхаттаушы туристерге ескі қала орны ерекше қызығушылық тудыратыны анық. Сондай-ақ Күлтөбеден Түркістан қаласының 1500 жылдық тарихын дәлелдейтін деректер табылған. Тағы бір қала орны – ортағасырлық Түркістан қаласы. Бұл төңіректе ертеден шахристан, рабаттар, шағын сауда ошақтары орналасқан. Қаланың солтүстік және батыс бөлігінде мұнара мен қабырға қалдықтары салынған. Қаланы айналдыра қоршаған қабырғаның ұзындығы 3 шақырымға жуық. Стратиграфиялық зерттеулер бойынша қала цитаделі Монғол шапқыншылығынан кейін қалыптасып, XV-XVI ғасырларда кесененің батыс жағында шахристан пайда болған. Күлтөбе қаласынан 350 м қашықтықта орналасқан Қожа Ахмет Иасауи кесенесі – Түркістанның басты салтанаты. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің, XII ғасырда өмір сүрген ұлы ақын, сопы Қожа Ахмет Иассауидің бейітінің үстінен салынған. Бұл ғимаратты атақты қолбасшы Әмір Темір салдырған. Бұл ғимарат – өз заманындағы сәулет өнерінің барлық жетістіктерін бойына жинаған құрылыстарының бірі. Бүгінде күрделі жөндеуден өткен тарихи нысан жылына мыңдаған туристі тартып, өзі қызықтыруда. Қожа Ахмет Иасауи кесенесі – ЮНЕСКО-ның мұралары тізіміне енген ескерткіш. Есімхан кесенесі. Тәуекелден кейін тарих сахнасына 1598 жылы Есім хан шығады. Ол бұдан бұрын да ағасы Тәуекел ханның қолбасшысы ретінде талай шайқастарға катысып, «Еңсегей бойлы Ер Есім» атанған еді. Сол Шығай ханның ұлы Есім хан жерленген кесене. Құрылыстың сағана бөлігі сақталған. Архитектуралық, археологиялық зерттеулерге қарағанда бұл құрылыс XVII ғасырда салынған. Рабия Сұлтан бегім кесенесі. Рабия Сұлтан бегім кесенесі жобасында төртбұрышты. Ол ішкі сегіз қырлы және 4 төртбұрышты бөлмелерден тұрады. Бұл құрылыс туралы алғашқы деректер XVI ғасырдан бастап кездеседі. Рабия Сұлтан бегім Ұлықбектің қызы, Әмір Темір көрегеннің немересі, көшпенді өзбектердің ханы Әбілқайырдың әйелі болған. Қылует жер асты мешіті (XII-XIX ғасырлар). Қылует жер асты мешіті Ахмет Ясауи кесенесінен оңтүстікте, 150 м жерде орналасқан. Қылует жер асты мешітінің салынуы Ахмет Иасауи есімімен байланысты. XII-XIX ғасырлар аралығында салынған құрылысты XX ғасырдың 40 жылдарында толығымен бұзып қыштарын зауыт салуға қолданған. Археологиялық архитектуралық зерттеулермен 1941 жылы жасалынған макетке сүйене отырып Қылует жер асты мешіті толығымен қалпына келтірілген. Ортағасырлық монша (XVI ғасыр). Ортағасырлық шығыс моншасы Ахмет Иасауи кесенесінен оңтүстік шығыста, 150 м жерде орналасқан, жеті бөлмеден тұрады. Монша 1978 жылға дейін жұмыс істеп келген, 1979 жылдан бастап оның негізінде Шығыс моншасы музейі ашылған. Құмшықата жер асты мешіті (ХІІ ғасыр). Ахмет Иасауи кесенесінен оңтүстік-шығыста, 1 шақырым жерде орналасқан. Жер асты мешіті сопыларлың діни-ғұрыптық құрылыстары қатарына жатады. Күйдірілген қышпен салынған.