Домой Мәдениет САЛБУРЫН МЕРЕКЕ ҒОЙ САЯТШЫҒА

САЛБУРЫН МЕРЕКЕ ҒОЙ САЯТШЫҒА

Түлкібас ауданында Алатау тауының баурайында Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары аясында ұлттық салт-дәстүрді бұқара халық арасында насихаттау, дәріптеу, саятшылық өнерді дамыту мақсатында «Салбурын — мереке ғой саятшыға» атты фестивалі болып өтті. Фестивальге облыстық мәслихаттың депутаттары, ардагерлер кеңесі, зиялы қауым өкілдері мен аудан, қалалардың саятшылықпен айналысатын құсбегілер мен саятшылар, аудан тұрғындары қатысты. Табиғаты көркем, атақты «Ақсу- Жабағылы» қорығының қойнауында өткізілген іс-шараға киіз үйлер тігіліп, қостар қойылды. Ұлттық құндылықты насихаттауға бағытталған шараға өңіріміздің әр ауданынан құсбегілер, құс салып, ит жүгіртіп тіпті спорттың бір түрі деп білетін саятшылар облыс қонақтарымен аудан тұрғындарына ата-бабамыздан қалған аңшылық өнерлерін паш етті. Сонымен қатар келген қонақтар ұлттық қолөнерден жасалған көрмемен және саятшылар жайғасқан қостармен танысты. Жалпы салбурын — дегеніміз аң аулау яғни қыстың маусымы кезінде аңшылар топталып, аңы мол жерлерге сапар шегеді. Жақсы ат, қыран бүркіт, түзу мылтық – бәрі бірдей сайланады. Аңкөс адамдар, бапкер құсбегілер, білгір саңлақ саятшылар, құралайды көзге атқан мергендер, елгезек атшы-қосшылар бас қосады. Олардың ішінде әнші, күйші, жыршылар да болады. Ел-жұрттан аулақ иенге шығып, қос тігіп, айлап жатып, аң аулайды. Күндіз жан-жаққа бытырап, аң аулауға кетеді де, кешкілік от басына жиналады. Қай бүркітті қалай күтімге алу керектігі жастарға үйретіледі. Салбурынға шығушылар әңгіме-дүкен құрып, бір-бірімен құсбегілік тәжірибелерімен бөліседі. Салбурында олжа тең бөлінеді. «Аңшыдан сыралғы, батырдан олжаны» салты осыдан қалған. Халқымыздың қанында бар өнерді жұтатпай, қазіргі ұрпаққа жеткізу мақсатында, ит жүгіртіп, құс салуды, жалпы саяштылықтың қыр-сырын танытуды көздеген іс-шарада белсене қатысқан жеңімпаздар анықталып, марапатталды.