Домой Мәдениет Рухани жаңғырудың негізгі кілті – Абай ілімі

Рухани жаңғырудың негізгі кілті – Абай ілімі

Адам дамуының белгілі бір кезеңінде ғылым дами келе, қоғамдық сананың дербес формасына айналды. Ғылым дамуының негізгі жемісі техниканың құрсауында қамалып, адамдықтан ажырап бара жатқанымыз анық. Өз қолымызбен жасаған ғылыми жетістігімізден өзіміз зардап шегіп жатқан жайымыз бар. Адамзат бойындағы «адамшылық» деп аталатын басты қасиетті сақтап тұратын бастапқы құрал – рухани тәрбие екені әмбеге аян. Қазіргідей даму бағдарымызды болжап, жаһандану кезеңіне аяқ басқан шақта Абай салған сара жолмен жүру аса маңызды.

Ойшыл Абай халқының мүшкіл халін ойлап, өткір сөзімен сол қауіптен құтылар сара жолды көрсетті. Яғни, Абай рухани білімді әлем заңдылықтарының негізгі қайнар көзі ретінде ұсынды. Ендеше, кемеңгерді кеңірек таныту, оның жүрегіне терең бойлау, қазақ баласы үшін рухани тәрбиемен сусындаудың негізгі жолы. Қазақ халқы қоғамның жаһанданған заманына жаңа бетбұрыс жасар сәтінде ақынның жан-дүниесіне тағы бір тереңірек үңіліп, даналықтың нәр бұлағынан сусындап көргені жөн болады.

Ақындар аманатын қоғамның құндылығы ретінде пайдалануды белгілі ғалым Б.Ыбырайым: «Адамзат өркениетіндегі қандай да болсын игіліктер – белгілі бір дәуірдегі қоғамның уақыт талабына орай міндеттерді жүзеге асыруына байланысты күрделі процесс екенін бүгінгі күнге дейінгі тарихи даму сан рет дәлелдеген. Ендеше іргелі де күрделі мәселелерді дәуір қажеттілігіне сабақтастыра зерттеудің маңызы зор. Міне, осы орайда ұлттық рухани қазынамызды түгендеу, асылдарымызды ардақтау арқылы мемлекетіміздің іргетасының нығаюына қажетті ұлттық құндылықтарымызды байыптау перспективасын айқындауға айнымас Темірқазық ретінде бағыт алуға айрықша көңіл бөлу – бүгінгі күннің күрделі міндеттерінің қатарында» — деп айқындайды.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев 1995 жылы ЮНЕСКО деңгейінде атап өтілген Абайдың 150 жылдық мерейтойында: «Оның тағдыр мен рухани ізденістерінің қиыры мен шиырын, тұңғиығы мен тұтқиылын жіті пайымдап, дұрыс қорытынды шығара білсек, басымыздағы дәуренмен талай сабақтастықты танып, бүгінгі ахуалымызды да салиқаландыра түсетін талай мән мен нәр таба алар едік. Абай да дәл сондай қиын заманда ғаламат тәуекелге бара алған ерекше рух иесі. Соның арқасында ол бүгінгі күллі адамзаттың абыройы аласармас рухани сардарларының біріне айналып отыр», — деп Абайдың әлемдік тұлға екендігін айтып өткен.

Жақсылықты, адалдықты ту еткен данышпанның қоғамдағы орнын айқындап, ақынға «рухани сардар» деген атақ беріп, оны оқудың шексіз мәнін ашты. Қазақ қоғамының рухани сардарлардың іліміне әрдайым мұқтаж екендігін ойшылдың өзінің: «адаспай тура жол іздеген хакімдер болмаса, дүние ойран болар еді» — деген мәнді сөздерінен де аңғаруға болады.

Бүгінгі табиғи экологиялық жағдай сияқты адам жан-дүниесі де экологиялық зардап шегіп жатыр. Ол зардапты залалсыздандыру үшін адамзат рухани жаңғыруы тиіс, жаңғырудың негізгі кілті Абай ілімінде жатыр. Абай ілімінің негізгі өзегі — адам санасының ізгілікке өзгеруі. Ақын қоғам тәрбиесі жеке тұлға тәрбиесінен бастау алатынын көрсетті. Адал жолмен жүрмей адам түзелмейді, адам түзелмей қоғам түзелмейді, қоғам түзелуі үшін әркім жеке-жеке өзін-өзі түзетіп, адалдықтың ақ жолын аңғарып алғаны абзал. Оқырман ойшылды ойлы көзбен оқи алса, онда ол өзін-өзі тазалайды. Жаны таза адам жаман әрекетке бармайды. Жүрекке тұнған Абай ілімі жамандыққа жібермейтіні сөзсіз. Абай Ислам дінінің негізіне сәйкес адамдар тобын үш сатыға бөледі.

Төменгі саты – күйбең тірліктің күнін күйттеп жүргендер. Білімге құмарлығы жоқ, артық білуге талпынбайтын адамдар тобы. Бұл туралы Абай отыз сегізінші қара сөзінде толықтай сөз етеді де, бұл топтағы адамдарды «жарым адам» деп атады. Ал, білімге деген қызығушылық адамдық жолын анық көрсететінін: «Қашан бір бала ғылым, білімді махаббатпенен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады» -деп айтты.

Орта саты – өзін-өзі, өзіндік болмысын толық танып, адамдықтың шыңына жету сатысы. Бұл сатыға әділеттілік, адалдық, мейірбандылық, қамқорлық, достық сияқты барлық гуманизм шарттары енеді. «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол, адам болам десеңіз» — деп таратып, оң мен солымызды айғақтап береді.

Жетілудің жоғарғы сатысы – рухани жетілу. Рухани жетілген адам — тән емес, жан азығын қамдаған адам. Бұл туралы ақын он жетінші қара сөзінде ақыл, қайрат, жүрек өнерлерін таластырып келгенде ғылым: «Осы үшеуің бір кісіде менің айтқанымдай табылсаңдар, табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам – сол. Үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтадым» — деген. Бұл сөздің астарында қазақ қанша жыл қайратты пір тұтып зорлық-зомбылықтың құрбаны да болды, ал қарыштап дамыған заманда ғылым-білімге ден қойып, түрлі заттар ойлап тапқанымен, оның зардабын да тартып жатқандығы жатыр. Бұл екеуін жүрекке бағындыруының себебі де осы. Жүректе Абайдың «үш сүю» негізі жатыр:

«Махаббат пен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және сүй Хақ жолы деп әділетті»

Данышпан түсінігіндегі «толық адам» — нұрлы ақыл, ыстық қайрат, жылы жүректі бірдей ұстай білген адам. Бұл үш сатыны толық бағындырған адам – Абай формуласын жетік меңгерген адам. Белгілі абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлы: «Абайдың «толық адам» ілімін бүкіл қазақ пен түркі халқының санасына сіңдіре алсақ, рухани жағынан мүлде жаңа жолға түсеміз. Тазарамыз. Пайданың емес, ардың жолына түсеміз» — деп адамның катарсис сезіміне бөленетінін бір сұхбатында айтқан болатын.

Ойшыл Абай отыз сегізінші қара сөзінде: «Адам баласы үш нәрседен: надандықтан, еріншектіктен, залымдықтан қор болады, нағыз кісі болудан қалады»-деп нағыз адам болу жолын көрсетті. Рухани жүдеулікке ұшыраған адам баласы «өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген ұранды жадында жаттап алу қажет. Ұлттық сананы өзгерту үшін ең әуелі жеке адам санасы сілкінуі тиіс.

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, ҰҒА-ның академигі Уәлихан Қалижанов қазақтың бас ақынының әлемдік аренадағы алар орнын айқындап, оның мәңгілік мұраларын шетелдік ғалымдардың қызығушылықпен зерттеп, оның даналағына тереңінен үңіліп жатқандығын жан-жақты саралай келіп, «Рухани жаңғыру» мәселесіне Абайдың тікелей қатысын: «Ұлы Абай – қазақ халқының руханияты мен мәдениетінің символы. Оның ілімі халықтың рухани жаңғыруымен тығыз бай­ла­нысты, ал даналығы қа­зір­гі заманмен үндес. Абай шығар­машылығымен танысу сананы оятып, ойға ой қосады, жаңа көңіл күй мен сезімге бөлейді, асыл армандарға жетелейді, өзіңді өзің талдап тазаруға итермелейді» — деп баса айтса, оның поэзиясының ғұмырлылығы туралы: «Абай – бүкіл адамзат игілігі. Оның поэзиясы – мәңгілік поэ­зиясы, даналықтың, махаббат пен адалдықтың поэзиясы. Ғұлама ақын, ойшыл Абайдың мұрасын жаңаша ұғыну жалғаса береді, оның жалынды өлеңдері ешқашан да өзінің күшін жоғалтпайды. Өйткені Абай халықпен мәңгі бірге» — деп ой қорытындылайды.

Хакім Абай өз халқының мұң-мұқтажын, қоғамдық-философиялық ойларын, мәдениеті мен әдебиеттегі көремдік ізденістерін жаңа сапаға көтерді. Ақынның арман-тілегі бүкіл адамзаттың ең биік асыл мұраттарымен де үндесіп жатыр. Қазақты ояту үшін үн қосқан ақындардың бірі Міржақып Дулатұлы: «Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухани сонша жақындармыз. Үнемі бұл күйде тұрмас, халық ағарар, өнер-білімге қанар, сол күндерде Абай құрметі күннен –күнге артылар, «Бірінші ақынымыз» деп қабірін халқы жиі-жиі зиярат етер, халық пенен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар. Ол күндерді біз көрмеспіз, бірақ біздің рухымыз сезер, қуанар»-деп, болашақ ұрпаққа бабалар алдындағы борышын сезіндіргендей.