Домой Мәдениет «РУХАНИ ҚАЗЫНА-2022» ФЕСТИВАЛЬ- БАЙҚАУЫ БАСТАЛДЫ

«РУХАНИ ҚАЗЫНА-2022» ФЕСТИВАЛЬ- БАЙҚАУЫ БАСТАЛДЫ


Бүгін киелі қаламыз Түркістанда Мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің республикалық «Рухани қазына – 2022» байқауы басталды.
Бесінші рет ұйымдастырылған байқауға мемлекеттік музейлер, кітапханалар, мәдениет үйлері, ауылдық клубтар мен жекелеген мәдени ұйымдар қатысуда.
Фестивальдың ресми ашылу салтанатында Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Қазақ әуендері» акционерлік қоғамының президенті Ғалымжан Өтелбайұлы мен Түркістан облысының Мәдениет басқармасының басшысы Қойлыбаев Әзімхан Серікұлы құттықтау сөз сөйлеп, барша қатысушыларға бүгінгі байқауда сәттілік тіледі.

  • Бұл іс-шара дәстүрлі түрде жылда өткізіліп келеді. Осы айтулы іс-шараны өткізудегі басты мақсат — мәдениет және өнер саласының қызметкерлерін қолдау.
    Биылғы «Рухани қазына — 2022» байқауының екы ерекшелігы бар: бірінші, жеке меншік мәдени ұйымдар мен мекемелер де қатысуы. Ал екіншісі, телеграм каналда өткізу орнын анықтау үшін дауысқа салған едік. Нәтижесінде басым дауыспен киелі қаламыз Түркістан қаласы таңдалды. Осы таңдаудың барысында әр өңірдің белсенділігін де көре көре білдік, — деп Ғалымжан Өтелбайұлы фестивальға қатысушы барша мәдениет саласының қызметкерлеріне Мәдениет және спорт министрі Даурен Әскербекұлының сәлемін жолдады.
    Өңірлердегі іріктеу кезеңі 30 сәуірге дейін өтіп, үздік шыққандар республикалық кезеңге жолдама алған болатын. Ал республикалық байқау мамыр айының 21-не дейін жалғасады.
    Қазылар алқасының мүшелері екі күн бойы (17-18 мамыр) қатысушылардың еңбектерін бағалайды. Кітапхана саласы бойынша «Farab» кітапханасында, музей саласы бойынша «Ұлы Дала Елі» орталығында, мәдени-демалыс қызметі саласы бойынша Халықаралық туризм және меймандостық университетінде мәдениет ұйымдарының үздіктерін анықтау өтеді.
    Республикалық кезеңге қатысу үшін еліміздің 17 өңірінен 285 өтінім келіп түсті. Соның ішінде кітапхана саласы бойынша – 125 өтінім, музей ісі бойынша – 73 өтінім, мәдени-демалыс қызметі саласы бойынша — 87 өтінім.
    Ал, жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 21 мамырда «Farab» кітапханасында өтеді деп жоспарлануда. Бабы мен бағы қатар жанған таланттар арнайы дипломмен және қаржылай сыйлықтармен марапатталады.