Домой Мәдениет ӘБУ НАСЫР ӘЛ-ФАРАБИ

ӘБУ НАСЫР ӘЛ-ФАРАБИ

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы 2 қыркүйекте Қазақстан Халқына арналған Жолдауында келер жылы Әбу Насыр Әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдығын халықаралық деңгейде атап өтілетінін көрсеткен болатын. Осыған байланысты 2020 жыл Әл-Фараби жылы аталып, мерекелік шаралар өткізіле бастады.
Жалпы Әл-Фараби кім, қайда туған, қай ғасырда өмір сүрген, қазақ жұртшылығына қай уақыттан бері таныла бастады деген сұрақтар болуы мүмкін. Оның толық аты Әбу Насыр Мухаммед ибин Мухаммед ибин Узлах тархан әл Фараби, кейде тарихи жазбаларда ат-Түрки деп те жазылады, негізінде Әбу Насыр Әл-Фараби тіркесімен танымал, оның туып өскен жері – ежелгі Отырар қаласы Фараб деген атпен танымал болған, Отырар қаласына жақын «Оқсыз» елді мекенінде әскербасының отбасында 870 жылы дүниеге келген. Отырар қаласы бай кітапхансы бар, ілім – білім орталығы еді.
Әл-Фараби туған жерінде алғаш сауатын ашып, білімін жетілдіру үшін Шаш (Ташкент), Самарқанд қалаларында болып, Бұхарада оқиды, білімін тереңдете жетілдіру үшін Араб еліне жол тартып, Бағдат, Шам, Каир қалаларында Шығыстың ғұлама ғалымдарынан дәріс алады, араб, парсы, латын, грек тілдерін жетік меңгеріп, аударма жұмыстарымен айналысып, ғылыми трактаттар жазады. Жалпы философия, әдебиет, музыка, медицина, математика, физика, астрономия және тағы да басқа да ғылым салаларымен айналысады, ғылыми еңбектерін араб тілінде жазады.
Әл-Фараби Аристотельден кейінгі Шығыстың екінші ұстазы саналды. Дүние жүзінің көптеген ғалымдары Әбу Насыр Әл-Фарабидің өмірі мен шығармаларын орта ғасырда-ақ зерттей бастады. Еуропа ғалымдары Әл-Фараби білімімен жете танысып, одан үйрене бастады, оның еңбектерін өз тілдеріне аударып, Фарабитануға көп еңбек сіңірді. Ал, Әл-Фарабидің алғаш қазақ жұртшылығына таныстырған кім еді, ол Қазақ ССР Ғылым Академиясының корреспонденті мүшесі, ғылым докторы, профессор Ақжан Жақсыбекұлы Машани. (А. Машани 1906 жылы Қарағанды облысы, Қарқара ауданында туған, 1997 жылы Алматы қаласында қайтыс болған). Ол кісі Әл-Фарабидің ғылыми мұраларын дүние жүзінен жинап, зерттеп және оларды қазақ тіліне аударып, қалың бұхараға таныстыруда көп еңбек сіңірген ғалым. А.Машани 1960 жылы «Білім және еңбек» журналының 1-ші номеріне Әл-Фараби туралы мақала жариялаған, Қазақ ССР Ғылым Академиясының Президенті Қ.Сатбаевқа Әл-Фараби мұраларын ғылыми тұрғыда іздестіру, жинастыру, еңбектерін көшірмелеу, аудару, зерттеу жұмыстарын жүргізуге көмек сұраған, Әл-Фараби туралы зерттеу еңбектерін қазақ тілінде жазған. Кеңестер Одағы тұсында Әл-Фарабиді зерттеуде кедергілер көп болды, әсіресе дін туралы жазылған еңбектеріне шектеу қойылды. Әл-Фараби еңбектерін зерттеуге ерекше еңбек етіп жүрген А.Машанидің үстінен Қазақстан компартиясы Орталық Комитетіне арыз да түскен. Осы арызға байланысты ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері Көпбосын Панзабековтың 4 маусым 2015 жылы «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 86 номерінде жарияланған естелік мақаласын еске түсіре кетелік: «Қазақ КСР Министрлер Кеңесінде істеп жүрген кезім. Жаңылыспасам, 1971 жылдың жазы болатын. Дін жөнінідегі кеңестің басшысы Камал Құлымбетов ағай мені өз кабинетіне шақырды. Ол уақытта мен мұсылман діні бөлімін басқартынмын. Ол кісі бірден шақырған себебін түсіндірді. «Қазақ политехникалық институтының профессоры, республика Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі, техника ғылымдарының докторы Ақжан Машановтың үстінен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Үгіт және насихат бөліміне арыз түсіпті. Арызда «Ақжан Машанов өзі коммунист әрі үлкен ғалым, лауазым иесі бола тұрып, мешітке жұма намазға барады екен» депті. Коммунист Машанов намаз оқиды екен, діни әдет- ғұрыптарды ұстайды екен. Бұл не деген сұмдық? Тексергенде осы деректер анықталса, оны партия қатарынан шығару керек, қызметі туралы да мәселе қоямыз.
Не керек мешітке жол тарттым. Барсам, жұма намазға расында да Ақаң келіпті. Намаз біткен соң Ақжан ағадан «Сізді коммунист болғанмен атеист емес, намаз оқып, діни ғұрыптарды ұстанады» деп жазғыруда. Шыныңызды айтыңызшы, мешітке сол үшін барып жүрсіз бе? Жоқ әлде басқа да бір шаруаңыз бар ма?» дегенімде, ғұлама ағамыз ойланбастан «Мен Әл-Фарабиді өзіме ұстаз санаймын. Ол «бір Жаратушының бары хақ» деген. Оған қалай сенбейін. Жұма намаздан қалмайтыным да шын, діни жоралғылардан мен дәстүрлерді де қалт жібермей орындайтынымды жасырмаймын» деді. Жұмысқа келе салып, Орталық Комитеттің Үгіт және насихат бөліміне мына мазмұндағы анықтама жаздым: «Ақжан Машановтың үстінен түскен арызды тікелей мешітке барып тексердім. Өзі де айт намазға келіпті. Сөйлесе келгенімде, ол кісі өзінің мұнда жиі келетінін былайша түсіндірді:
«Қарағым, Көпбосын, менің Қазақстанда бірінші фарабитанушы екенімнен хабардар боларсың. Оны шетелдердегі көп ұлт «біздікі» деп иемденіп жүргенде республикаға, өзіміздің қазақ жеріне әкелген мен емес пе едім? Ғылым, іздену деген бір күн не бір жылда біткен бе? Ғұлама жөніндегі бірінші кітабымнан кейін тағы бірнеше мақалалар мен кітаптар жаздым. Әл-Фарабидің еңбектерінің жарық көруіне атсалысып келемін. Осы себептен ел ішінде көпті көрген қариялар арасында Әл-Фараби туралы мәліметтер бар ма екен, соны жинауға келіп жүрмін» деп жауап берді. Намаз оқып, діни әдет-ғұрыптарды ұстанады дегені жалған екен. Жазылған арыз негізсіз. Ертеңіне анықтаманы Камал Құлымбетұлына оқып бердім. Камал аға адамгершілігі өте зор, байсалды, мейлінше қарапайым, қысылып-қымтырылғандарға жаны ашып, тағлымы мол кісі болатын. Салған жерден «істің бұлай аяқталғаны дұрыс болды. Ақаңның да құдайы бар екен. Оның жанын жаралап, партиядан шығартып, қызметінен босатқанда не табар едік… Енді анықтаманы Орталық Комитетке поштаға салмай-ақ, өз қолыңмен апарып бер» деді. Үгіт-насихат бөліміндегі идеологтар анықтаманы оқып көрді де, ләм-мим демеді. Маған тапсырманы жедел орындағаным үшін алғыс айтқан болды… Осылайша Ақаң ақталды, коммунистік билеті мен билік лауазымы, бұрынғы абырой-атағы сақталды. Игі істерін ғалым ағамыз жалғастыра берді. Сол екен, Ақаң кездескен сайын ризашылығын білдіретін.
1971 жылы Москвада өткен Халықаралық Конгресте ЮНЕСКО тарапынан Әл-Фарабидің 1100 жылдық мерейтойын өткізу мәселесі сөз болғанда, өзбек ғалымы М.Хайруллаев Әл-Фарабиді өзбек ғалымы ету мақсатында, Әл-Фарабидің мерейтойына арналған халықаралық ғылыми конференция тек Ташкент қаласында өтуі тиіс, бізде Әл-Фараби мұрасы материалистік тұрғыда «әділ бағаланады» — дегенде, мәжіліс басқарушысы Египет ғалымы столды қойып — қойып қалып, орнынан атып тұрып, «Ислам ғылымының алыбы Әл-Фарабиді марксизмге жүндеуге бере алмаймыз, ғұламаның мерейтойы өзі ғұмыр кешкен араб елінде өтеді» дейді. Осындай қысылтаяңда А.Машани араб тілінде төрағадан рұқсат сұрап, «Әл-Фараби туған Отырар жері де, елі де Қазақстан дей келе, қазақ ғалымдарының баба мұрасын игерудегі атқарған жұмыстарын тізбелей шығып, Қазақстанға шақырады, мәжіліске қатысушылар Әл-Фараби мерейтойын Қазақстанда өткізуге қаулы алады, Әл-Фарабидің 1100 жылдық мерейтойын осылай Қазақстанда кеңінен аталып өтіледі. А.Машанидің тарихта қалған ең үлкен еңбегінің бірі Әл-Фарабидің Қазақ топырағында дүниеге келгенін, оның қазаққа тиісті екенін әлем халқы алдында дәлелдеуі болар, өйткені Әл-Фарабиге таласқандар көп еді.
Әл-Фараби өмірінің соңғы кезеңдерін Сирия елінде өткізген, Шам әміршісі Сейф ад-Даула сарайындағы кештердің бірінде Әл-Фараби өзінің музыка өнерінде асқан шебер талант екенін көрсетеді. Сейф ад-Даула оған музыка өнері туралы кітап жазуға тапсырыс береді. Әл-Фараби «Музыканың үлкен кітабы» — деген, он екі тараудан тұратын аса күрделі шығарма жазып, Әмірге тапсырады. Осы еңбегі үшін әмірші Әл-Фарабиді аса құрметтеген. Әл-Фарабидің музыка саласындағы бұл еңбегін зерттеуші ғалымдар өте жоғары бағалаған, белгілі ғалым Г.Фермер былай дейді:
«Барлық ғылымдар саласында Әл-Фараби «Екінші ұстаз», ал музыка саласында Әл-Фарабидің бір өзі ғана бас король болып табылады, былайша айтқанда, Әл-Фарабиге үлгі боларлық, бірінші ұстаз боларлық адам болмаған. Аристотель «Музыка мәселесі ғылымда, өнерде орын алатынын білеміз. Бірақ оны талдау үшін адамда музыкалық талант, дыбысты түсіну қабілеті болу керек. Ондай қабілет менде жоқ» деген.
Әл-Фараби 950 жылы қайтыс болғанда әмірші Сейф ад-Даула оған зор құрмет көрсетіп, қадырлы адамдар жерленген Шам (Дамаск) шаһарының «Баб ас-Сағир» зиратына жерлейді, ұлы адамдар жатқан жер музейге айналуы, бабаның мавзолейі тұрған жерге «Ұлы Ойшыл, ғұлама, физик, математик, астролог Әбу Насыр Әл-Фараби Отырар қаласында дүниеге келген» деп жазылған. Қазақ елінде, қазақ жерінде Отырарда дүниеге келген Әбу Насыр Әл-Фарабиға топырақ Сирия елінде бұйырыпты, биыл оның туғанына 1150 жылдық мерейтойы үлкен құрметпен аталып өтілуде, оның еңбектері қазақ тіліне аударылып, қазақ жұртшылығы еркін танысар деп білеміз.
🖊Өміртай ҚАЛЫҚҰЛОВ, Түлкібас ауданының Құрметті азаматы.