Домой Басты жаңалықтар АЛАШТЫҢ АРДА ҰЛДАРЫ

АЛАШТЫҢ АРДА ҰЛДАРЫ

Тұңғыш дипломат Нәзір Төреқұлов музейінде 31 мамыр саяси-қуғын сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай «Алаштың арда ұлдары» атты дөңгелек үстел отырысы өтті. Аталған басқосуға белгілі ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстел отырысын Нәзір Төреқұлов музейінің меңгерушісі Бақытжан Жорабеков ашып, шараның маңызына тоқталды.
Өз кезегінде облыстық ішкі саясат басқармасының маманы Ғабит Сапарбеков басқосуға жиналған ғалымдар мен зиялы қауым өкілдеріне ризашылығын білдірп, дөңгелек үстел отырысына қатысушы барша жұртқа сәттіліктер тіледі.
Жиында белгілі нәзіртанушы, ақын, Түркістан қаласының құрметті азаматы Нұрмахан Назаров елі үшін жазықсыз жала құрбаны болған Нәзір Төреқұлов жайында кеңінен айта келе, кейінгі ұрпақ ондай зобалаңның атын естімесін деген тілегін жеткізді. Сонымен қатар ғалымдар Абдолла Жүсіпов, Хазіретәлі Тұрсын, Сейдолла Садықұлы саяси-қуғын сүргін құрбаны болған ел қамын жеген арда ұлдар жайында сөз қозғады. Музей жанашырлары Төлтай Төлегенов, Әли Нышанов және Тынысбай Әметұлы да өз ойларын ортаға салды. Ал ақын-жазушы Айыпберген Балтабаев Нәзір музейіне өз кітаптарын тарту етті.
Шара барысында халықаралық «Нәзір Төреқұлов» қорының қолдауымен (қор президенті Ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Әбдіжапар Сапарбаев) Н.Төреқұлов музейінің қызметкерлері әзірлеген «Нәзір жолы» атты кітаптың да тұсауы кесілді. Сондай-ақ жиылған жұртқа «Ашаршылық», «Нәзірдің жарық жұлдыздары» атты деректі фильмдер көрсетіліп, жиын соңында Алаш арыстарына арнап құран бағышталды.