Домой Қоғам ЖЕРАСТЫ СУЫН ТИІМДІ ПАЙДАЛАНУҒА ТАПСЫРМА БЕРІЛДІ

ЖЕРАСТЫ СУЫН ТИІМДІ ПАЙДАЛАНУҒА ТАПСЫРМА БЕРІЛДІ

Бүгін Арыс қаласының әкімі, Nur Otan партиясы Арыс қалалық филиалының төрағасы Гүлжан Құрманбекова қоғамдық жеке қабылдау өткізді. Әкімнің қабылдау шарасына Бақырша ауылынан келген азамат Сейделхан Сегізбаев ауылдың ауыз су мәселесін айта келіп, жерден шығып жатқан артезиан суын пайдалануға көмек сұрады.
Зейнеткердің сөзін ден қоя тыңдаған қала әкімі ауыл тұрғындары үшін суды 12 сағат беруге және жерасты суын тиімді пайдалануға мүмкіндік жасалатындығын айтты.
Сонымен қатар, жеке кәсіпкер Мейіржан Алдашов алған жеріне кәсіпкерлік нысан салуға рұқсат беруді сұрады. Кәсіпкердің жоспар-жобасымен мұқият танысқан Гүлжан Мамытқызы қазіргі «Арбат» алеясының маңындағы жерді тиімді пайдалануға қатысты оңтайлы шешім қабылдау үшін жауапты мекеме басшысына орындалу жөнінде тапсырма берді.
Сол сияқты тұрғын үй кезегіне қатысты мәселемен әкім қабылдауына келген қала тұрғыны Айжан Құралға пәтер кезегінде 19.05.2016 жылдан бері тұрғаны және қазіргі кезде әлеуметтік осал топта кезек нөмірі 127 екені айтылды. Оған қоса, пәтер тек заң аясында кезекпен ғана берілетіні ескертілді.


Ақдала ауылынан келген Раушан Мейірбекова мүмкіндігі шектеулі жан ретінде тізімде тұратын қызы Бибігүл Төленнің баспана кезегі мен ерекше күтімді қажет ететін қоғам мүшелерінің мәселелерін сөз етті. Өз кезегінде Гүлжан Мамытқызы жуырда ғана Арыс қаласында «Тең қоғам» әлеуметтік орталығы ашылғаны туралы айтып, ол жерде қызының бір сәт сергіп қайтуына барлық жағдай жасалғанын баяндады.
Ал Бибігүл Төлен 10.04.2017 жылдан бері тұрғын үй кезегінде № 207 нөмірмен кезекте тұрғаны нақтыланды.
Сондай-ақ, зейнеткер Ұлтай Қуатова да ұлы Тасбау Ержігіттің пәтер кезегін білгісі келген. Өйткені, Тасбау Ержігіт ата-анасынан айырылған немесе қамқорлықсыз қалған жетім бала санатына жатпауына байланысты 25.05.2020 жылы тұрғын үй комиссиясының хаттамалық шешімімен кезектен шығарылған екен. Қала әкімі Гүлжан Мамытқызы қайтадан комиссия құрып, тексеріп заңға сәйкес шешім қабылданатындығын атап өтті.