Түркістан облысы әкімдігінің делегациясы Өзбекстанға барып, трансшекаралық су нысандарын басқару, қолдану және қорғау бойынша күрделі мәселені талқылау бойынша жиынға қатысты.
Жиын барысында экология, геология және табиғи ресурстар министрі М Мырзағалиев және Өзбекстан су шаруашылығы министрі Ш.Хамраев екі ел арасындағы су қатынастары саласында ынтымақтастық мәселесі бойынша Жол картасына қол қойды.
«Түркістан облысы вегетация уақытында, яғни ауыл шаруашылығы дақылдарын суару кезінде суға өте зәру. Биылдың өзінде Сырдария өзені бойында жағдай күрделене түскен. Су тапшы. Сондықтан бүгін Экология министрі Мағзұм Мырзағалиев және Түркістан облысы әкімдігінің делегациясы Ташкентке келіп, келіссөздер жүргізіп жатыр. Өте жақсы келіссөздер жүргізілді. Нәтижелі болды», деді облыс басшысы Ө.Шөкеев.
Қазақстан тарапының делегациясы бұл сапарда бірқатар мәселені шешуді көздеп отыр.
Біріншіден, су ресурстарын бөлу жөніндегі Жол картасына қол қойылды. Бұл Жол картасында қазіргі жағдаймен бірге, келешекте де күрмеуі қиын мәселелерді қалай шешуге болатын жақтары көрсетілген. Шешімін тапқан екінші мәселе де өте маңызды. Шілде айында «Достық» халықаралық каналы арқылы Түркістан облысына үздіксіз су берілу жолы шешілді. Бүгіннен бастап бүкіл шілде айы бойы «Достық» каналынан облыс аумағына секундына 80 текше метр су келмек. Бұған Өзбекстан тарапы өз кепілін беріп отыр. Бұл өте жақсы нәтиже. Ал, тамыз айында бұл көрсеткіш 70 текше метр болады. «Оңтүстік өңірде 500 мың халық тұрады. Бұл солардың көкейінде жүрген сұрақ еді. Енді осы мәселе шешіліп отыр.
Судан басқа, біз тағы екі бағытта жұмыс бастадық. Біріншіден, Кентау мен Түркістан қалаларында үлкен текстиль фабрикасын саламыз. Әйелдерге 1 мың жұмыс орнын қамтамасыз ететін екі фабрика жұмыс істейтін болады. Үшінші бағыт – ол Түркістан төңірегінде Өзбекстан тәжірибесімен шөлді жерлерде, құмды жерлерде, тұзды жерлерде сексеуіл, жыңғыл отырғызу және Наманганның тәжірибесімен жеміс-жидек өсіретін алқаптар ұйымдастыру. Бұл да бізге өте қызық тәжірибе. Сондықтан біздің облыстан үш топ келіп, жұмыс істеп жатыр. Аталған топтар Наманганға, Қарақалпақстанға барады. Біз бұл тәжірибелерді өзімізге ендіруге мүдделіміз.
Бұл келіссөздер қос мемлекет басшыларының бақылауында. Сондықтан екі елдің Президентіне рақметімізді айтамыз», деді облыс басшысы.
Домой Қоғам Түркістан-Ташкент: Қазақстан-Өзбекстан арасында кейінгі уақытта туындаған су мәселесі шешімін тапты