Домой Қоғам ТҮРКІСТАН: ЗИЯЛЫ ҚАУЫМ ӨКІЛДЕРІ ЕЛБАСЫ ҮНДЕУІН ҚОЛДАЙДЫ

ТҮРКІСТАН: ЗИЯЛЫ ҚАУЫМ ӨКІЛДЕРІ ЕЛБАСЫ ҮНДЕУІН ҚОЛДАЙДЫ

COVID – 19 Коронавирус инфекциясының ел аумағында кең таралуының алдын-алу бойынша елімізде төтенше жағдай жарияланып, тиісті шаралар атқарылуда. Күні кеше Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан жұртшылығына үндеу жариялап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Үкіметтің қабылдаған барлық шешімдеріне қолдау білдіруге шақырған болатын. Сонымен қатар, Республикалық арнайы қор құрып, барлық кәсіпкерлер мен ел азаматтарына қаржылай көмек көрсету бойынша ұсынысын білдірді.
Түркістан облысында осы мақсатқа Арыстағы төтенше жағдай орын алған кезде нәтижелі жұмыс істеген «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қоры таңдалып алынды. Бүгінгі таңда ол қорға облысымыздағы белгілі кәсіпкерлер қомақты қаражаттар, облыс әкімдігі, басқармалар мен оған қарасты мекемелер бүгін бір күндік жалақыларын аударды.
Осы орайда, Түркістан облысының ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері Елбасы үндеуіне қолдау білдіріп, жергілікті кәсіпкерлер мен әр сала мамандарының құрылған қорға қаржы аударып, көрсетіп жатқан көмектеріне ризашылықтарын білдірді.
«Қамқорлық көрсетуге дайын тұратын түркістандықтар Елбасы үндеуіне қолдау білдіріп, Арыс оқиғасы кезінде қажетке жараған «Түркістан» қорына кәсіпкерлер қаржылай көмектерін аудара бастады. Басқа сала мамандары да қол қусырып қарап отырмай, бір күнгі жалақыларын сол қорға табыстады. Бұл үрдістің әлі де жемісті жалғасын табарына мен сенемін», — деген Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов басқа да азаматтарды осындай игі істерге жұмылуға шақырды.
Жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Мархабат Байғұт: «Ел басына осындай қиыншылық түскен кезде бірігу арқылы ғана жеңіп шығатынымыз аян. Әсіресе, кәсібін дөңгелетіп, ел игілігі жолында еңбек етіп жатқан жеке кәсіпкерлердің осындайда жомарттық танытуы қуантарлық жағдай», — деп аға буынның атымтай жомарт азаматтарға алғысын жеткізді.
Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қасымхан Бегман: «Міне, бұл індеттен құтылудың ең төте жолы. Бұл — біздің бабадан келе жатқан, қанымызда бар қасиетіміз. Осындай бірлігі бекем елде індеттің де ұзақ уақыт тұрақтамайтындығына сенім білдірейік. Әр отандасымызды өзіміздей көріп, жанашырлық танытайық», — деп мұндай кезеңде алауыздыққа бой алдырмай, бірге әркет етудің дұрыс екендігін жеткізді.