Абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатырған жерлердің сапасы өте жоғары болуы тиіс. Бұл жайында қала әкімі Рашид Абатұлы Аюпов мердігер компаниялармен әр кездесуінде айтып жүрген болатын. Әкімшілік-іскерлік орталықтағы көпқабатты үйлер аумағында жүргізіліп жатырған көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстарын сынға алып, мердігер компания басшыларына ескерту жасағаны да көптің есінде болар. Екі күн ішінде қалыпқа келтіруді тапсырған шаһар басшысы халық жайлылығы үшін жасалынып жатырған жұмыстарға салғырт қарамауға шақырған еді.
Түрленген Түркістандағы қолға алынған істер мен атқарылып жатырған шаруаларда шек жоқ. Алайда, барлығы басшылықтың қалағанындай болмайтынын ұмытпаған жөн. Қала тұрғындарының әрбір ойын ескеретін Рашид Абатұлы мердігер компания басшыларына істің сапалы болуын және белгіленген уақытында ел игілігіне тапсырылуын басты назарға алыну керектігін ескертіп келеді. Сол себепті, «Құрылыс бөліміне» сенбі — жексенбі күндері де жұмысты тоқтатпай, ауысыммен жұмыс істеу керектігін айтқан.