Домой Қоғам ТҮРКІСТАН ЖАҢА БАҒЫТПЕН ДАМУДА

ТҮРКІСТАН ЖАҢА БАҒЫТПЕН ДАМУДА

Түркістанның келбеті күн өткен сайын көріктеніп келеді. Елбасы Жарлығымен құтты мекеннің мәртебесі артып, сан мыңдаған адамның атсалысуымен түркі жұртының түпқазығына лайық боларлық дамудың даңғыл жолына түсті. Осы күні көпшілік Түркістанның екінші тынысы ашылды деп мұндағы елеулі істерді ел есіне салуға асық. Соның ішінде қалалық «Түркістан» газетінің тілшілері де әрбір жетістіктерге ден қойып, тұрғындарға жан жадыратар жаңалықты жеткізуді әдетке айналдырған. Міне, сондай бір көңілге қуаныш сыйлайтын ақпараттармен оқырмандарымызды тағы да қуантқалы отырмыз. Биыл облыс орталығы мәртебесіне ие болған шаһарға үш жыл. Жер жүзіне қауіп төндірген індетке бой алдырмай ерекше қарқынмен түрленіп келе жатқан Түркістанның келер күндердегі келбеті жайында сөз етпекпіз. Апта басында қала басшысы Рашид Аюпов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің басын қосып брифинг өткізді. Сол жерде біраз жаңалықтың куәсі болдық. Тарқатып айтайық.

Жиында қала әкімі ең әуелі Түркістан қаласының нақты жасын анықтау мақсатында 2 жыл бойы жүргізіліп келе жатқан зерттеу жұмыстарының нәтижесі осы жылдың соңына дейін аяқталатынын хабарлады. Бүгінгі таңда шаһардың қалыптасу кезеңін жыл таразысына салсақ 3000 жыл деп нақтыланып отырғанын, десе де зерттеу жұмыстары осымен тоқтамайтынын айтып, Күлтөбенің археологиялық зерттеу жұмыстарына БАҚ өкілдерін де қатысуға шақырды.

Инфрақұрылымды қалыптастыру ісі қаладағы басты мәселелердің бірі. Осы бағыттарда атқарылған жұмыстарды баяндаған Рашид Абатұлы Түркістан қаласын ауыз су, сарқынды су, электр қуаты, табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатындағы жұмыс жоспарларымен таныстырып, әрқайсысына жеке-жеке тоқталып өтті. Қала халқы үшін аса маңызды болып отырған ауыз су мәселесін қозғаған шаһар басшысы ауа райына байланысты судың қысымы төмендеп, қаланың бірқатар аймақтарына су жетіспеушілігі туындап отырғанын айтты. Кентау қаласының аумағынан жеткізілетін суды өз мөлшерінде алу жөнінде жұмыстар жүргізіліп жатқанын сонымен қатар, жазғы маусымда суды үнемдеу қажеттігіне назар салуды ұсынды.

Электр жүйесі бойынша да бірқатар мәселелер бар. Ол тек Түркістан қаласында ғана емес, еліміз бойынша күрделі болып отыр. Желдің әсерінен электр желілері зақымданып, қуат көзі жиі сөнуі орын алуда. Бұл мәселе алдағы жылда толығымен шешімін табатын болады. Бүгінгі таңда қажетті жабдықтармен қамту үшін тиісті жоба әзірленіп жатқанын мәлім етті. Қала аумағында көгілдір отын бойынша жоспарланған 53 мың тұрғын үйдің қазіргі уақытта 26 мыңы газ жүйесін пайдалануда. Қалған абоненттерді газ жүйесіне қосуға тиісті бөлім тарапынан үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге, осы бағытта қосымша жобалар да ретіне қарай іске асырылуда.

Жылу мәселесі бойынша 2020 жылы бірқатар жөндеу жұмыстары жүргізілген. Биылғы жылы тұрғын үйлердің арасындағы жылу жүйелеріне жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаржы бөлініп отыр. Қазіргі таңда 6 жылу жүйесінің қазандығы болса, алдағы уақытта қосымша екеуі салынатын болады.

Қаламызды абаттандыру бойынша 400 га жерге саябақ, аллея, жасанды көлдер салынып халық игілі-гіне беріліп отыр. Бүгінде қалада 4 жасанды көл бар. Бұған қоса алдағы уақытта университет аумағында да жасанды көл салу бойынша келіссөз жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, Майкотов көшесінде «Денсаулық» саябағы осы жылдың тамыз айында қолданысқа берілмек. Отырар шағын ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің маңын абаттандыру жұмыстары жүргізілетін болады. Мұнымен қоса, «Әзірет Сұлтан» кесенесі аумағы мен Н.Төреқұлов көшесіндегі 6 га жер абаттандырылмақ.

Ал, суландыру жүйесі бойынша Ақан сері, Ынтымақ, Құлан ақын мен Яссы көшелерінің аралығында суландыру жүйесі жүргізілетін болады. Сонымен қатар, Яссы көшесі мен Саттарханов даңғылы, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» тас жолы мен Жібек жолы көшесі аралығында каналдардың бойы абаттандырылмақ. «Арыс – Түркістан» каналынан сол аумақтағы көшелерге дейінгі аралықта ирригациялық каналдың аумағында абаттандыру жұмыстары жалғасатын болады.

Осылайша облыс орталығының даму бағытын сөз еткен Рашид Абатұлы инвестициялық жобалардың маңыздылығын және осы күні Түркістан қаласында құрылыс бөлімі тарапынан 103 нысанның құрылысы жүріп жатқанын жеткізді. Негізінен жаңа құрылыстар әкімшілік-іскерлік орталық пен рухани-мәдени орталықта жүріп жатыр. Мұнымен қоса, көпқабатты тұрғын үйлермен қатар, кәсіпкерлік нысандар саны да артып келеді.

Қаламыздағы басты бағыттардың бірі көгалдандыру мәселесі екенін ескерсек, бүгінде «Әзірет Сұлтан» мәдени қорық музейінің аумағы, Тұңғыш Президент саябағы, Б.Саттарханов даңғылы бойындағы саябақ пен Шығыс базары аумағындағы жұмыстар өз межесіне таяп қалды. Бірқатары тамыз айында қолданысқа берілсе, қалғаны жыл соңына дейін халық игілігіне ұсынылмақ.

Бекзат мөлтек ауданындағы 310 га индустриалды аймақ аумағын кеңейту және инфрақұрылым тарту мәселелері қарастырылуда. Соның ішінде темір жол құрылысын салып, қажетті техниканың барлығы сол арқылы тасымалданатын болады.

Қаламызда тұрғын үйге мұқтаж 13025 отбасы бар болса, оның ішінде әлеуметтік жағынан «осал» топ қатарында – 5560, көп балалы отбасы – 3260, мемлекеттік немесе бюджеттік қызметкер – 4018, жетім балалар – 187-ні құрап отыр. Айта кетейік, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға пәтерлер заңға сәйкес арнайы автоматтандырылған жүйе бойынша бөлінеді. Соның ішінде бірінші жетім балалардың 20 пайызы қамтылуы қажет. Кейінгі кезекте қай санатта көп отбасы тіркелсе, сол топтағы адамдарға басымдық беріледі. Сонымен қатар, таяу арада қаладағы көпқабатты ескі тұрғын үйлерде жөндеу жұмыстары басталмақ. Бұған мемлекеттен қаржы бөлініп, дайындық жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін 46 тұрғын үй жөндеуден өтпек.

Жол инфрақұрылымы бойынша 845 шақырымды құрайтын 875 көше бар. Бүгінде 35,6% (301,0 шақырым) көшеге асфальт төселсе, 35,2% (296,9 шақырым) – тас жол, өкінішке орай 29,2% (247,1 шақырым) жол топырақ күйінде. Жол жөндеу жұмыстарын жылдамдату үшін 5 млрд. теңге көлемінде облысқа ұсыныс берілген. Егер де осы ұсыныс қолдау тапса жыл соңына дейін 40 көше жөнделетін болады. Қазіргі таңда сапасыз жасалған көшелерге мердігер компаниялар қайта жөндеу жұмыстарын жүргізуде.

Шаһар басшысы өз сөзінде қоғамдық көлік яғни қала ішінде жолаушылар тасымалы негізгі мәселелердің бірі екенін айтып өтті. Биыл наурыз айында «ТехПрофАвто» ЖШС тарапынан 30 автобус жүргізілсе, алда тағы 20 автобус әкелу жоспарланғанын хабардар етті. Айта кетерлігі, автобус ішінде төлемді «Alem Pay» арқылы 18 түрлі әдіспен онлайн жасауға да болады. Сонымен қатар, рухани астанада «Yassy taxi» тұрағы ашылып, оның мобильді қосымшасы қосылған.

Түркістан қаласында алғаш рет жүргізіліп жатқан зерттеу жұмыстары нәтижесінде мыңнан астам бос жер учаскесі анықталды. Осыған сәйкес, тиісті құжаттар рәсімделіп, жер кезегінде тұрған 36 мың тұрғынның алғашқы легіне кезегіне қарай жер берілмек.

Сонымен қатар, Рашид Аюпов қаламызда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан нысандар мен алдағы уақытта жоспарланып отырған ғимараттардың жобаларымен таныстырып өтті. Соның ішінде теннис орталығы, ана мен бала орталығы, реабилитациялық орталық, стоматология клиникасы және Назарбаев интеллектуалды мектебі мен ескек есу каналының құрылыстары – қала тіршілігі, тұрғындар тұрмысы үшін маңызды сала және нысан ретінде ерекше ғимараттар болмақ.

«Ашық әкімдік» тұжырымдамасы аясында қала әкімі үнемі әлеуметтік желідегі жеке парақшасынан тікелей эфирге шығып, соңғы ақпараттарды хабардар етіп отырады. Одан өзге, бөлім басшылары да былтырғы жылдан бері кезегімен тікелей эфир арқылы тұрғындардың мәселесін қарап, сауалдарына жауап беріп келеді. Жақында қабылданған шешімге сәйкес, барлық дербес бөлім басшылары да бірінші тоқсанда атқарылған жұмыстары бойынша тікелей эфирде онлайн форматта есеп беруде. Есептер әкімдіктің ресми парақшаларында өтіп жатыр. Бұған қоса, әкімдік ғимаратының бірінші қабатында жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бірнеше бөлім шыны кабинетке ауысқан болатын.

Шаһар басшысы да ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасын қолдау ретінде осы аптада арнайы шыны қабырғалы бөлменің біріне отырмақ. Бұл – қызметкерлер, тұрғындар мен қабылдауға келуші азаматтармен қарым-қатынастың және байланыстың ашықтығын көрсетіп, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға сеп береді. Сонымен қатар, «#АшықӘкімдік» жүйесін ұстанған Түркістан қаласы әкімдігінің қызмет көрсету барысының ашықтығын арттырмақ. Шаhар басшысы алдағы уақытта орынбасарлары және дербес бөлім басшыларының да бұл бастама бойынша уақытымен ашық шынылы кабинетке ауысатынын жеткізді. Айта кетейік, аталған брифингтен соң БАҚ өкілдері қаладағы бірнеше жаңа нысандарды аралады.

Мөлдір ХАЛИЛАЕВА.