Көптеген аймақтарда дертке шалдыққан жандар дәріханалардағы дәрі-дәрмектердің бағасы шарықтап тұрғанын айтып шағымдануда. Аталған жайды алдын алу және заңсыздықтарды анықтау бойынша жер жерде тиісті шаралар қолға алынуда.
Осы мақсатта Түркістан облысы Шардара ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен, арнайы құрылған мобильді топ дәріханалардағы дәрі-дәрмектің жетіспеуі және баға тұрақтылығын сақтау бойынша рейд жүргізді. Рейд барысында қазіргі уақытта науқастарға қажетті дәрі-дәрмектің тапшылығы анықталып, аудан әкімдігі тарапынан дәріханаларға тауар жеткізуші фирмалардан қажеттілігі бойынша тиісті көлемде дәрі-дәрмек жеткізу жұмыстары ұйымдастырылуда.
Республика аумағында бекітілген белгілі дәрілердің бағасының сақталуы бойынша түсіндірме жұмысы жүргізіліп, негізсіз бағаны көтерген жағдайда үлкен көлемде айыппұл салынатындығы ескертілді. Сонымен қатар, Түркістан облысында дәрі-дәрмек бағасының тұрақтылығын сақтау, тексеру үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік және арнайы Түркістан адалдық алаңы құрылғандығы, ол мекемелерге кез-келген азамат өз шағымын WhatsApp әлеуметтік желісі арқылы жібере алатындығы атап өтілді.